Елімізде ұшқыр ойлы жастар арасынан болашақ миллионерлер іздестірілуде
Осыған орай Тұңғыш Президент қорының қолдауымен жасалған «Smart Zholy» жобасының ұйымдастырушылары елді аралап, студенттермен кездесулер өткізіп жатыр. Жоба мақсаты – өзіндік идеясы мен тиімді жобалары бар жастарды таңдап, оларға жол сілтеу. Іріктеуден өткендеріне керемет қолдау көресетеміз дейді ұйымдастырушылар.
Автор: Саят Сабдалы
05.04.2018
Ернұр Ізбасардың әжесі қант диабетімен ауырады. Сондықтан оған осы дертке шалдыққандарға арнайы тағам әзірлеу туралы идея келіпті. Құрамында қанты жоқ тағам жасайтын кондитерлік цех ашып, өнімді ғаламтор қосымшасы арқылы сатуды көздейді. Бірақ бұл ойда жүрген жоба ғана. Оны іске асыру жолдарын үйрену жас студент үшін өте маңызды.
Ернұр Ізбасар, колледж студенті:
-ІТ жобасымен алғаш рет айналыса бастаған студентке көп қолдау қажет. Өйткені жастарда идея болғанымен, тәжірибе жоқ. Бизнес ашу қомақты қаражатқа ғана тіреліп тұр деп ойлайтындар көп. Ең бастысы елдің сұранысын тудыратын жоба ойлап табу керек сияқты. Менің де тәжірибем шамалы, бірақ осы жерден аларым көп деп ойлаймын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жастардың арасынан миллиардерлер шығуы ғажап емес. Бірақ оны әзірге өздері де білмейді. Басты мақсат – сондай жастарға ой салып, шабыт беру. Ал адам қызығарлық жобасы барлар осы жерде-ақ іріктеліп алынады.
Рашид Дүйсембаев, «Smart Zholy» жобасының жетекшісі:
- Жастардың ең басты мәселесі – осы саладағы білімінің аздығы. Сонымен қатар, олардың Қарағандыда отырып әлемдік жоба жасай алатынына сенімдері жоқ. Яғни жастарда үміттен гөрі күдік басым. Біз осындай азаматтарға қолдау көрсету үшін жүрміз.
Тұңғыш Президент қорынынң қолдауымен жасалған «Smart Zholy» жобасы жүзеге асырыла бастағанына 2-ші жыл болды. Былтыр осы Қарағанды жастарының бір жобасы қолдау тауып, әлемдік нарыққа шыққан. Ал биыл ел бойынша іріктелетін 20 жоба Сингупурда өтетін Орталық Азия елдері арасындағы стартапшылар байқауына жолдама алады. Олардың арасынан 5 жоба әлемдік алпауыт компанияларының қолдауына ие болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!