Тікелей эфир: Ақтөбеде екі ауданды Алматы мен Астана деп атау үлкен дауға айналды
Ақтөбе қаласы енді екі ауданға бөлінеді. Облыс орталығындағы халық санының көбеюіне байланысты осындай шешім қабылдаған. Ал атауына келгенде әкімдіктегі комиссия аса бас қатырмапты. Халыққа Алматы мен Астана деп атауды ұсынып отыр. Мұны құптағандар да, ұнатпағандар да бар.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.04.2018
-Осы өңірдегі тілшіміз Жаңалық Ахаш аудандардың атауына қатысты қоғамдық тыңдауға қатысқан еді. Сонымен, жаңа екі аудан қалай аталатын болды?
-Нақты қалай аталатыны белгісіз. Себебі, халық талқысынан соң, қалалық мәслихат ұсынысын республикалық ономастикалық комиссиядағыларға жолдайтын болады. Бірақ шенеуніктер мен мәслихат депутаттары Астана мен Алматы атауына жабысып отыр.
Бүгін осы ұсыныстарын айтып, қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Бірақ бұл жиыннан жергілікті тұрғындардың көбісі хабарсыз. Әкімдіктегілер студенттерді сабақтарынан қалдырып, театр залына жинап қойыпты. Бірінің аузына бірі түкіргендей Астана мен Алматы атауын құптап, сөз сөйлеген зейнеткерлер көп болды. Тек бірен-саран тұрғындар ғана бұған қарсы шығып, қала іргесіндегі ағып жатқан Елек пен Сазды өзендерінің, болмаса Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін аудандарға беруді ұсынды. Алматы мен Астана атауларын құптағандарға қарағанда, соңғыларының залда қолдаушылары аз болды. Ең қызығы, осыдан бір апта бұрын қалалық әкімдіктің қос астананың атын таңдағаны туралы сыбыс тараған болатын. Сол кезде шенеуніктер ондай ойымыз жоқ деп ақталып еді. Енді қоғамдық тыңдауды ұйымдастырғандар комиссияға аудара салып отыр.
Күлпаршын Айдарханова, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
-Жұмыс тобының шешімі бойынша екі ауданға Алматы, Астана аудандары деп атын береміз деп шешім қабылданды. Бірақ оны қазіргі уақытта халыққа ұсынып отырмыз. Менің өзім ойлаймын насихат дұрыс жүргізілді.
Әлеуметтік желі арқылы да халық жаңа аудандардың атауына қатысты көптеген ұсыныс айтқан еді. Бірақ әкімдіктегі комиссияға ешбірі ұнамапты. Өз ұсынысын білдіргендердің бірі Естай Жайлыбай қоғамдық тыңдаудың болғанын естімей қалған. Ол әлеуметтік желі арқылы аудандарға Алаш пен Азат атауларын беруге қол жинады.
Естай Жайлыбай, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Мен өз басым жалпы атауларды қайталауға қарсы адаммын. Өйткені , мысалы, үлкен қала Алматы, үлкен қала Астана өздерінің аттары бар. Енді оны алып келіп Ақтөбеге телудің еш қажеті жоқ. Менің өзімнің осы жерде ұсынып отырған атым бұл Алаш пен Азат деген атау.
-Жаңалық, шенеуніктер Алматы мен Астана атауларына жабысып отыр дейсің. Енді олар азаматтардың өзгеше ұсыныстарын ескере қояр ма екен?
-Иә, ондай күмән бар. Өйткені қоғамдық тыңдау өткенімен, комиссия алдын ала бір шешімге келіп қойған сияқты. Сондықтан Алматы мен Астана атауларын екі ауданға беріп жіберуі де мүмкін. Енді оның ақырын республикалық ономастикалық комиссиядан келер жауаптан күтетін боламыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!