Тікелей эфир: Төтенше жағдай комитеті тасқынға қатысты елдегі жағдайды айтты
Елімізде су тасқыны қаупі төніп тұрған елдімекендер саны мыңнан асты. Төтенше жағдайлар комитеті мұны бүгін ашық мәлімдеді. Күртік қар мен мұздықтар тез еріп бастаса, бәрі суға кетейін деп тұр. Қазірдің өзінде тағы бірнеше облыста жағдай ушығудың алдында тұр. Құтқару жұмыстарының жәй-жапсары туралы тілшіміз Ербол Тұрымбет Астанадан тікелей байланысқа шығып тұр.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.04.2018
-Қауіп төнген аумақтар неге күн сайын көбейіп бара жатыр? Құтқарушылардың дайындығы қалай екен?
Бәріміздің ойымызда шынымен осы сұрақ жүр. Сәуір басталысымен еліміздің солтүстік облыстары мен оңтүстіктегі таулы аймақтарда жауын-шашын көбейетінін Қазгидромет болжап тастаған еді. Сол расқа айналатын секілді. Төтенше жағдайлар комитеті 5 бірдей облыста тасқын қатері сақталып тұрғанын мәлімдеді. Яғни, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмылдырылатын құтқару күштері дайын отыр екен. Қажет болып жатса, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан құтқару бөлімшелерін көмекке тартпақшы.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
-Бұл бес облыс аумағындағы жағдай сәуір айында жауын-шашынның көп болуы себепті күрделеніп отыр. Ол жақтарға 800 техника, 180 жүзу құралы, 60 мотопомпадан тұратын құтқару күштері жоғары дайындықта тұр.
5 облысқа 60 мотопомпаны қалай жеткізетіні комитет төрағасының өзіне ғана аян. Өйткені, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы дәл қазір жүзден аса мотопомпаға зәру. Бірақ, бұл әңгіменің бергі жағы.
Күн жылыған сайын телегей су ел аумағын түгел шарпи бастаған. Комитет төрағасы қатер төнген елдімекендер санының күрт көбейгенін ашық мойындады. Қауіптің алдын алу үшін Қостанай облысында Дәмді өзенінде, Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма өзенінде мұздықтарын динамитпен жарып жатыр екен.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
-Елімізде мыңнан аса елдімекен тасқын қаупінде тұр. Ондағы тасқынның алдын алу үшін жергілікті атқару органдары қыруар жұмыс істеп жатыр. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы табиғи апат салдарын жою үшін 2 млрд теңге бөлінді. Оның 50 миллион теңгесін жаратып та үлгердік.
Ал ел аумағында 40 автокөлік жолы мен бір көпір тасқын салдарынан бүлінген. Ал Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарыдағы су басу қаупінің алғашқы белгілері болғанымен, ондағы жағдайлар тұрақталған. Ал Шығыста білетін құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!