Әруақты қорлады: Жамбыл облысында тұрғындар көне қорымның орнына амбулаторияның салынуына қарсы шықты
Өйткені бұл жерді қазу жұмыстары басталғалы қап-қап адам сүйектері табылған. Сондықтан бұқара биліктен құрылысты тоқтатуды талап етуде. Алайда шенеуніктер жұрттың уәжіне құлақ асатын емес. Олар қалай болғанда зираттың үстіне елге ауадай қажет медициналық мекеме тұрғызылады дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.04.2018
Жұртты да осы сұрақ мазалауда. Айтуларынша, әу баста медициналық мекеме ауыл әкімдігі маңындағы футбол алаңына тұрғызылады делінген екен. Бірақ күтпеген жерден амбулатория елді мекен іргесіндегі жотадағы ескі зираттың орына салынатын болған. Жұрт бұған үзілді-кесілді қарсылық білдіргенімен, мұнда екі күннен құрылыс қарқынды жүргізілуде.
Қарасай Кәрімов, Бектөбе ауылының тұрғыны:
-Бұл жерде сүйек шыққаннан кейін неше түрлі ауру әкелуі мүмкін. Сондықтан ол медпункт болғасын елге жұғуы да мүмкін. Сондықтан халық қорқады, бұл жерге келмейді соққанымен.
Бұқара шенеуніктердің бұл әрекетін «әруақты қорлау» деп есептейді. Әйтпесе, ауыл ішінде медициналық мекеме салуға болатын жер телімдері жетіп артылады екен. Ашулы топтың сөзінше, құрылыс жұмыстары кезінде шашылған адам сүйектері табылған. Оның көбі топырақпен бірге көліктерге тиеліп кеткен көрінеді. Өздері тек көзге түскендерін теріп үлгерген.
Мәдіхан Өтепбергенов, Бектөбе ауылының тұрғыны:
- 10 адамның сүйегі шықты дейді. Эксковаторщик 5 адам деп айтты. 20 камаздың ішінде 50 адам кеткен шығар. Оның бәрі белгісіз ғой. Сіздер соны көрсетіңіздер.
Мұндай көрініске бұлқан-талқан болған ауыл жұрты жер қазып жатқан техниканы тоқтатып тастады. Ашулы топ трактордың жүргізушісін де сабап жібере жаздап, әзер басылды. Ал құрылыс алаңына алып-ұшып жеткен мердігер дау шыққан жерге амбулатория салуға хақым бар дейді. Яғни оған рұқсатты әкімнің өзі берген деп міз бақпады.
Еркебұлан Абдуллаев, Құрылыс фирмасының өкілі:
- Мемлекет актті әкімдік береді. Одан кейін сараптама, ақша бөлу де бәрі сол қағаздарға қарай облыстан болады. Біз білмейміз енді, облыстық басқармамен шешу керек қой. Біз оны шеше алмаймыз.
Тұрғындардың жанына батқан жағдайдан шенеуніктер хабардар. Айтуларынша, табылған адам сүйектері далада қалмай, шариғат заңымен қайта көмілген. Бірақ, атқамінерлер қалай болғанда мұнда құрылыс жұмыстары жүргізіледі дейді. Өйткені амбулатория салынатын жер телімі заң шеңберінде таңдалған. Әрі 50 жылдан асқан зираттың орынын кәдеге жаратуға болады екен.
Асхат Саршаев, Қаратөбе ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
-Бас жоспарда белгіленгендей осы жерде салынады. Бұның құжаттары қарастырылып, бәрі сараптамадан өтіп, өз деңгейінде заңды рәсімделген. Сол бойынша құрылыстар әлі жалғастырылады.
Наразы топ әкімнің уәжімен мүлдем келіспейді. Сондықтан олар бел кеткенше беріспек емес. Яғни шама-шарқымыз келгенше атқамінерлермен алысамыз дейді. Айта кетейін, көне бейітке нақты кімдердің жерленгені анық емес. Ақсақалдардың айтуынша, бұл зират ертеде жер ауып келген шешен мен қарашай ұлттарының өкілдеріне тиесілі болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!