Cемейде бағалау комиссиясы тасқыннан бүлінген 300 баспананы аралап шықты
Әзірге қорытынды шығарылмағанымен, көптеген үйдің жарамсыз күйге түскені қазірден-ақ анықталып отыр. Ал атқамінерлердің айтуынша, су басқан баспаналардың арасынан тиісті құжаты жоқ үйлер табылған. Бұған қоса, мүлкін тастап көрші өңірлерге, тіпті басқа елге көшіп кеткендер де аз емес көрінеді. Әзірге тасқыннан келген шығынның нақты көлемі белгісіз. Десе де, топан судан Семейдің өзінде жалпы 450-дей жер үй зақымданған екен.
Автор: Әйгерім Шакаманова
06.04.2018
40 адамнан құралған бағалау комиссиясы су басқан аумақтарда таңнан кешке дейін жұмыс істеуде. Бүгінге дейін 300 баспананы тексерген олар тағы 150-ге жуық үйді қарап шығулары тиіс. Ал бір жарым ай бұрын ғана мына үйді сатып алған Наталья Морозова қазір онда тұру мүмкін емес дейді. Қатты тасқын баспананың іргетасы мен қабырғаларын шайып, ішіндегі дүние-мүлікті де жарамсыз күйге түсірген. Отбасы қазір туыстарын паналаудан басқа амал таппай отыр.
Наталья Морозова, Семей қаласының тұрғыны:
– Іргетас түгел бүлініп, балалардың бөлмесіндегі еден көтеріліп кетті. Онда тұрған төсектер де бүлінген. Жиһаздың былғанғаны былай тұрсын, гипсокартон жарамсыз болып қалды.
Бағалау комиссиясы мүшелерінің жұмысын кейбір үй иелерінің басқа өңірде, тіпті Ресей мен Германияға көшіп кеткені бәсеңдетіп отыр. Мамандардың айтуынша, олар шұғыл Семейге жетіп, туыстарына сенімхат рәсімдеулері қажет. Әйтпесе, өтемақы мүлдем төленбейді. Ал мүлкі бүлінген тұрғындардың материалдық шығынды алуға жазған арыздары тасқын болған сәттен соң 30 күннің ішінде қабылданады.
Ақмарал Мұрат, бақылау комиссиясының өкілі:
-– Кеше бір үйді қарадық, бүгін сонда қайта оралдық. Күннің сууына байланысты ондағы қабырғалар жарыла бастаған. Біз әр баспананы жеке-жеке қарап шығамыз. Бірақ қай үйге қашан жететінімізді айта алмаймыз. Үйлер көп және баспанасын тез қалпына келтіргісі келіп хабарласып жатқандар да аз емес.
Мамандардың айтуынша, тиісті құжаттары жоқ үй иелері де баршылық. Бірі мұрагерлікпен алынған баспанасын рәсімдеуді ұмытса, енді бірі жапсыра салынған үйді дұрыс тіркемеген. Ал мұндай тиісті құжаты жоқтарды қайта тіркеу мүмкін емес екен. Десе де, атқамінерлер жұртқа қолдан келген көмекті жасаймыз деп сендіруде. Ал топан судан семейліктерге келген шығынның нақты көлемі әзірге белгісіз. Бір анығы, жеке сектордағы 450, саяжайдағы 300 үй зақымданыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!