Астанада екі мыңнан астам сәби аш қалды
Өйткені, ата-аналар 1 жасқа дейінгі ұл-қызына Үкімет есебінен тегін берілуі тиіс құрғақ сүтті ала алмай жүр. Негізі дауға себеп болған тағам үшін бюджеттен 2 миллиардтан теңгеден астам ақша бөлінген екен. Алайда қыруар қаржы бүлдіршіндердің сүтіне неге жетпей жатыр?
Автор: Досжан Маратұлы
06.04.2018
Мария Булаева екі баланың анасы. Қолындағы кішкентайы небары 6 айлық шақалақ. Бір қиыны анасы сырқатына байланысты ұлын емізе алмайды. Сондықтан, дәрігерлер міндетті медициналық көмек ретінде тегін құрғақ сүт беріп келген. Оны Мария педиатордың рецепті бойынша ай сайын дәріханаға барып алып тұрыпты. Бірақ, соңғы бірнеше айдан бері кішкентай Макар сүттен қағылған.
Мария Булаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Соңғы рет былтыр желтоқсан айында алдық. Ол кезде үш айға жетуі үшін дәрігерлер сүтті көбірек берген. Енді ол таусылып, осы сәуір айына ала алмай жүрміз. Заң бойынша тағам ай сайын балам бір жасқа толғанша берілуі тиіс. Бірақ, дәрігерлер сүт жоқ деп, ұлымды аш қалдырды.
Аштан қалған жалғыз кішкентай Макар емес. Астана бойынша мынадай ыдыстағы құрғақ сүт аз қамтылған, көп балалы отбасыдан шыққан және денсаулығында кінәраты бар екі мыңнан астам сәбиге тегін берілуі керек. Негізі оның құны 3 мың теңге. Енді ұл қыздарына тиесілі тағамды ала алмағандықтан, ата-аналар өздері сатып алып жүр. Ал, дәрігерлер болса, сүттің жоғына біз кінәлі емеспіз деп жайбарақат жүр.
Нағима Әубәкірова, Астана қалалық №1 емханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-Бізге байланысты емес. Өйткені, біздің мекеме емхана жоғарыдан келіп түскен дәрі-дәрмек пен балалардың тамағын рецептпен бөліп береді. Аналарға. Қазіргі кезде ол тамақтар түспей отыр балаларға берілетін. Бұны денсаулық сақтау басқармасы біледі. Бұл тек қана біздің емес, бүкіл қаланың мәселесі.
Бір қызығы ақ халаттылар бар кінәні осылай Денсаулық сақтау министрлігіне жауып жатқанда, шенеуніктер керісінше сөйлеп отыр. Айтуларынша, шақалақтарды аш қалдырған дәрігерлердің өздері. Өйткені, бөбектерді құрқақ сүтпен қамтуға емханалар жауапты екен.
Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы:
-Балалардың тағамын сатып алу, тарату жұмысын биылдан бастап емханаларға тапсырылған. Тіпті, ол үшін жыл басында тиісті қаржыны емдеу мекемелеріне бөліп бергенбіз. Осы уақытқа дейін педиаторлардың сүтті неліктен үлестірмей отырғаны белгісіз. Шұғыл жиналыс өткізіп, мән-жайды анықтаймыз.
- Енді сәбилерге тағамның қашан берілетіні әзірге белгісіз. Негізі дауға себеп болған сүтті сатып алу үшін бюджеттен 2 миллиардтан астам қаржы бөлінген екен. Бірақ, асықпайтын шенеуніктер осы ақшаны сауатты жарата алмай отырғанға ұқсайды.Енді іске Денсаулық сақтау министрлігінің араласқанын ескерсек, бүлдіршіндерді аш қалдырғандар жаппай жазалануы мүмкін.>>
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!