46 дәретхана: Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғындары бас-басына әжетхана салып алған
Түменованың сөзіне тұздық. Қызылорда қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары аулада бас-басына бір дәретханадан қойған. Қаз-қатарынан тізілген әжетханалардан аяқ алып жүру қиын. Сасыған иіс те айналадағылардың жүрегін айнытып, мезі еткен.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.04.2018
Иін тірескен әжетханалар құдды сап түзеген сарбаздардай. Қолқаны қапқан сасық иіске жергілікті тұрғындардың еті өліп те кеткен. Нәжіс ордасының ортасында аққан судың өзін өзгелер ішуге тіксінеді. 5 қабатты үйдегі 46 отбасы аулаға 46 дәретхана қойған.
Сандуғаш РАТОВА , Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Астында қалып, адам өлу керек шығар. Сол кезде барып үй беретін шығар. Оған дейін үй берілмейді бұл жерде. Балаларымыздың ойнайтын жері жоқ.
Өркениет көшінен, әкімдік бақылауынан тыс қалған үй өткен ғасырдың сексенінші жылдары бой көтерген. 1996 жылы кәріз жүйесі істен шыққан. 22 жылдан бергі жағдай осы. Ол аздай соңғы жылдары қабырғалары жарылып, шетінен үгіліп, суыққа мүжіліп баспананың дал-далы шыққан.
Роза Сұлтанова, қала тұрғыны:
Құжаттары жоқ деп айтып жатыр, барлықтарында бар. Жекешелендірілген. 11 жыл болды біздің шағымданып келе жатқанымызға. Бізге келмеген адам жоқ. Дым нәтиже жоқ.
Сан мәрте шағынған тұрғындардың сөзін құлақтарына ілмеген атқамінерлер қыстан шыққан аюдай енді оянған. Осы жексенбі кездесіп мәселені бір жаққа шығарамыз деп отыр. Даудың басы сонау 1996 жылы, коммуналдық қызметке төленбеген қарыздан басталған екен.
Біржан Далабаев, Қызылорда қаласы Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- 1996 жылы салынған үйдің тұрғындарыныңорталықтандырылған кәріз жүйесіне қарыз болғандықтан, ажыратылған болатын. Осыдан кейін сол қарыз төленбей, сол күйінде қалған. Кейбір пәтерлерді аралаған кезде құжаттарын көрсете де алмады. Құжаттарымыз жоқ деді. Кейбіреуінің қолдарында ордерлері бар. Бірақ, орделерінде нақты ешкімнің қолы, ештеңкесі көрсетілмеген.
Әкімдік құжаттар дұрыс болса, тұрғындармен ортақ тіл тапса күрделі жөндеуге кірісеміз деген уәдесін берді әзірге. Бірақ, болдырған бұл баспананы қайта сылағаннан жағдайдың оңалып кететініне тұрғындардың өзі сенбейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары