"Кел, келінім": Аналар ұлдарына болашақ жарын өздері таңдайды
Бойдақтар тағдырын тоғыстыруға асық! Көптен күткен «Кел, келінім» реалити-шоуы санаулы минуттан соң эфирге шығады. Бағдарламада 4 сері жігіт өмірлік жарын табуы тиіс. Көптің арасынан ақылына көркі сай аруды таңдау үшін оларға өз аналары көмектеседі.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.04.2018
Өмірлік жар таңдау өте жауапты іс. Бір адамға тоқталмас бұрын бойдақтар көптің кеңесін таразылайды. Жігіттер үшін, әсіресе, анасының пікірі аса маңызды. «Кел, келінімдегі» басты қағида да сол, қыздар алдымен болашақ енелердің көңілінен шығуы керек. 4 ананы баурай білген 8 ару ғана жобаны әрі қарай жалғастырады.
Жанар Мамұтова, «Кел, келінім» реалити-шоуының қатысушысы:
- Әзірше ойымнан шыққан қыздар жоқ. Менің балама тәрбиелі, иманды, қыз керек.
Енелер сынағынан сүрінбей өткен бойжеткендер өзара бақ сынасады. Соның арасынан жігіттер жүрек қалауын таңдап, бойдақтар қатары кемімек. Алайда, серілердің талабы аналардікінен асып түседі. Сондықтан, аруларға қиын соққалы тұр.
Данияр Нұрсейітов, «Кел, келінім» реалити-шоуының қатысушысы:
- Менің болашақ асыл жарым, анамның келіні дәл анама ұқсап, мінез-құлқы әкеме ұқсаса нұр үстіне нұр болатын еді.
Шығармашылық топ та, түсірілім алаңы да эфирге сақадай сай. Арнайы үйдің іші бәріне ыңғайлы етіп жабдықталған. Елімізде теңдесі жоқ
реалити-шоудың жүргізушісіне дейін қатал іріктеуден өтті. Сөйтіп, тізгін жас әнші Фариза Ескермеске берілген.
Фариза Ескермес, «Кел, келінім» реалити-шоуының жүргізушісі:
- Бар болғаны 3 минут болды кастинг. Сол кастингтен өтіп кеткенімді кейін 2 аптадан кейін білдім.
Бақытты отбасылар санын арттыруға бағытталған бағдарлама дүйсенбі-жұма аралығында көрсетіледі. Оның бір саны 3 сағатқа созылмақ. Яғни, күндізгі үштен алтыға дейін эфирде. Ендеше, санаулы минуттан соң осы көктемнің басты тұсаукесерін тамашалауды ұмытпаңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!