Ет жеуден қалдық: Белгілі сарапшы ет бағасының өсуін түсіндірді
Елімізде ет қымбаттады! Әсіресе, ең өтімді сиыр еті 200-400 теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ, жылқы мен қой етінің құны да шарықтапты. Сатушылар қымбатшылықты көктемгі тапшылықпен байланыстырып отыр. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер болса, бағаның өсуіне нақты не себеп екенін де айта алмады. Сонымен, әр өңірде еттің бағасы қаншаға қымбаттады?
Автор: Досжан Маратұлы
09.04.2018
-Елімізде соңғы кездері ет сатып алушылардың қарасы азайып кеткендей. Өйткені, ет дегенде бет барма дейтін халқымыздың тәбетіне шарықтап жатқан баға әсер етпей қоймапты. Ал ол былтырмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Статистика комитетінің мәліметінше
Сиыр еті – 9,9 %; қой еті – 9 %; жылқы еті - 8,8%; шошқа еті - 8,8 %; құс еті – 0,4 %-ға шарықтапты.
Десе де баға әр өңірде әр түрлі. Мәселен, бұл Қарағанды. Мұнда жылқы еті Қазақстан бойынша ең қымбат. Келісін 2 мыңнан 2 мың 800 теңгеге дейін сатып аласыз. Ал, бұл Астана базары. Бас қалада ірі қара мен қой етінің құны аспандап тұр. 1300-1400 болған баға 1700-ге дейін өскен. Атырауда да баға ырыққа көнбей тұр. Мұнда өзге өңірлермен салыстырғанда құс етінің құны мүлдем қымбат. Ең өтімді ірі қараның да бағасы удай. Келісі екі мыңнан асып кеткен.
Сәния Ахметова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Алған зейнетақымыздың жартысы тек қана етке кетеді. Мен мысалы 9-10 келі ет алуым керек, 1800, 2000 деп 1900-ден беріп тұр. Сонда ойлаңыз 10 келі етке 20 000 керек. Алатыным 48 000 теңге.
Ал, сатушылар болса, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен ғана деп отыр.
Жеміс Сәрсенова, ет сатушы:
-Машинасына төлейтініміз бар, жаңа шабатыны бар, орнымызға төлейтіні бар, шығын көп қой. Бағаны көтеріп ұстаймыз, біздің сол үстінен айналып келгенде көретініміз 50 теңге.
Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер бағаның өскенін біледі. Бірақ, құнның шарықтауына нақты не себеп екенін айта алмады. Бір анығы қымбатшылыққа еттің шетелге экспортқа шығарылуының қатысы жоқ екен. Әрі шенеуніктер елімізде ет тапшылығы жоқ деп отыр.
Ескендір Мухлисов, ҚР Ауыл шаруашылығы миинстрлігі департаментінің бас маманы:
-Былтыр 990 мын тонна ет өндірілді. Оның 450 мыңы ірі қара еті. Бұл ішкі сұранысты қамтуға толық жетеді. Ал, экспортқа небары 5,5 тонна ғана шығарылды. Сондықтан оның қымбатшылыққа мүлдем қатысы жоқ. Биыл өндірілетін еттің көлемі артады. Жетіспеушілік жоқ.
Ал, тәуелсіз сарапшылар бағаның өсуіне осы көктемгі тапшылық себеп дейді. Яғни, жұрт күзде жаппай соғым сойған кезде, баға арзандайды. Қыс пен көктем мезгілінде шарықтап шыға келеді.
МАҚСҰТ БАҚТЫБАЕВ, ЕТ ОДАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Шаруаның шығындары да бар. Ол жем шөп сатып алуы керек. Солярканың да құны өскен. Барлығы көктем кезінде қымбаттайды. Бұл еттің бағасына әсер етпей қоймайды.
Сондықтан, аспандаған бағаның жақында түсе қоюы екіталай. Ал, ет сатып алу үшін ақшасын қимағандарға тауық етін місе тұта тұруына тура келетін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!