Ақтөбеде қарақшылар шабуыл жасаған шетелдік автобус жолаушысының беті бері қарады
Дәрігерлер оның көп қан жоғалтып, денесінің бірнеше жеріне оқ тигенін айтады. Қайта қансырап жатқан Ресей азаматына жедел жәрдем дер уақытында жетіпті. Ол отырған автобусқа осыдан үш күн бұрын қарақшылар оқ атып, көлік ішіндегі ақша мен алтын бұйымдарды тонап кеткен. Шағын автобус Мәскеуден қырғыз еліне бет алған.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.04.2018
Ресейден шыққан шағын автобус Ақтөбе іргесіндегі Ақшат ауылының маңына тоқтаған. Осы жерде бір түнеп, ішіндегі жалғыз жолаушымен ертесіне Қырғызстанға қарай жолға шықпақ болған. Көлік жүргізушісі құрал іздеп, Ақтөбені аралауға кетеді. Сол кезде қарақшылар шабуыл жасап, көліктегі жолаушыға оқ атыпты. Оның ақшасы мен алтын бұйымдарын тонап кеткен. Қылмыскерлердің қанша адам болғанын аңғарып үлгермепті.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Микроавтобус Қырғызстан Республикасының азаматына тиесілі. Ол Москва қаласынан Қырғызстанға жол жүріп бара жатқан. Қазіргі таңда жәбірленуші қаладағы ауруханада ем алуда. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу тобы құрылып, тергеу жүргізілуде.
Көліктегі жалғыз жолаушы жүргізушіге хабар беріп, тәртіп сақшыларын шақырады. Қансырап жатқан жерінен жедел жәрдем алып кеткен. Қазір ол теміржол ауруханасында ем алып жатыр. Аңшы мылтығынан атылған бытыра денесінің бірнеше жеріне тиген. Көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер оның аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр.
Олег Хан, дәрігер:
-Бізге түскенде жағдайы өте ауыр болды. Оқ денесінің бірнеше жеріне тиген. Бірден ота жасадық. Қазір тиісті ем-домын алып жатыр. Енді ауруханада қанша уақыт жататыны әзір белгісіз.
-Қарақшылар көлікке де оқ атыпты. Автобус қазір айыппұл тұрағында тұр. Ал жүргізушісі - Қырғызстан азаматы. Ол да тергеушілерге жауап беріп жатыр. Оның қазір қайда екенін ешкім айтпайды. Сондай-ақ, жарақат алған жолаушы 35 жастағы Ресей азаматтығын алған тәжік екен. Ол атамекеніне қырғыз елі арқылы жетпек болыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!