Шығар есіктері жабық: Елімізде өрт қауіпсіздігін елемейтін сауда орындары жаппай жазаланып жатыр
Ал өрт сөндіру жүйесі істемейді. Еліміздегі ірі бизнес нысандарын шұғыл тексере бастаған Төтенше жағдай комитеті осындай былықтардың бетін ашып жатыр. Халық көп жиналатын сауда орындары мораторийді медеу тұтып, тәртіп атаулыны ұмытқан. Тіпті, апатты жағдайға қарсы ең қарапайым ережелерді сақтамайтын болып шықты. Мол пайдаға кенеліп жатқан кәсіпкерлер адам өміріне неге атүсті қарайды? Адамнан неге ақша қымбат?
Автор: Ербол Тұрымбет
09.04.2018
Иә, тексеру қорытындылары жаға ұстатады. Жұрт көп жиналатын ірі сауда орындары халықтың қалтасын аңдумен жүріп, қауіпсіздік дегенді мүлде естен шығарған. Үкімет аяқасты өкім шығарып, шұғыл тексере келгенде әрқайсысынан ондаған олқы тұстары шығып жатыр. Соның бәрін әшкерелеу үшін Ресейдің Кемер қаласындағы қайғылы оқиға жетпей тұр екен.
Содан кейін премьер-министр ірі сауда үйлерін екі ай ішінде шұғыл тексеруді тапсырған болатын. Екінші сәуірден бастап барлық жерде аумағы мың жарым шаршы метрден асатын ірі нысандар тексеріле бастады. Өрт қауіпсіздігін қаперіне де алмайтын сауда орындары бас қаланың өзінен табылып жатыр. Комитет төрағасы олардың аттарын атап тұрып айтты. Солардың бірі ірі супермаркет желісі.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
- «Анвар» туралы айттым. Мұнда 18 жерде ереже бұзылған. «Аружан» сауда, ойын-сауық орталығы, онда 21 кемшілік табылған. Ондағы жағдайлардың бәрі бір-біріне өте ұқсас.
Иә, сөзіңіздің жаны бар. Небәрі төрт күннің ішінде 75 тексеру жүргізіліп, 1037 ережебұзушылық анықталыпты. Тек үш жерде ғана кемшілік табылмаған. Ал қалғандарының қауіпсіздік мәселесімен шаурасы жоқ. Қазірдің өзінде оларға 1 миллион 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал қауіпсіздік қатесі өріп жүрген сауда үйлерінің басшылары жағдайды өз аузымен баяндап берудің орнына басын алып қашып жатыр. Мәселен мына ғимаратта 31-наурызда өрт қауіпсіздігі бойынша жаттығу өту керек еді, жеме-жемге келгенде себебін түсіндірместен бас тартты.
Анықтай келгенде, қауіпсіздік жүйесі сын көтермейтін болып шықты. Астанада тек бұл жер емес, өрт қатерін ұмытқан тағы 9 нысан бар екен. Барлығы да ең қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақталмайтын болып шықты.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
-Ең көп кездесетіні эвакуациялық шығу жолдары жабық болады. Немесе шығар жолға шағын дүңгіршектер орналасып алады. Өрт қауіпсіздігі дабылы мен автоматты өрт сөндіру жүйесі істемейді. Бір бизнес нысанынан 30-ға дейін тәртіп бұзушылық табылып жатыр.
Бұл тек дауылдың басы ғана. Екі ай ішінде ел аумағындағы 1150 нысанға әлі 233 тексеру ұйымдастыру жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!