"Лекция оқымаңызшы": Ақышевті сынаған депутаттар бас банкирден теңгенің құлдырауын неге сұрамады?
Теңге рубльге тәуелді емес. Сондықтан осы сәтті пайдаланып табыс табамын деу - бос әурешілік. Осылай деп мәлімдеме жасаған Ұлттық банк төрағасы теңгенің құнсыздануын уақытша құбылысқа балады. Бірақ, Данияр Ақышев төл ақшамыздың бағамы үшін емес, валюта нарығын реттеуге қатысты сын естіді. Яғни депутаттарды теңгенің құлдырауынан бұрын бас банкирдің сұрақтарына сауатты жауап бере алмағаны күйіндірді. Тіпті Ақышевқа лекция оқып кеттің деп тиіскендер де болды. Мәжілісмендерді теңге курсы неге қызықтырмады?
Автор: Жәудір Оразхан
11.04.2018
Теңгенің тағдырына қатты алаңдап жүрген жұртқа бүгін Бас банкир басу айтқандай болды. Ақышев былай дейді. Ұлттық валютаны тек Ресейдің рубліне байланыстыруға болмайды. Негізі, біздің ақша мұнай бағасына көбірек бағынышты екен. Ал теңгенің рублге еріп бірге құлдырауы уақытша құбылыс.
ДАНИЯР АҚЫШЕВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
-Соңғы екі күнде рубль долларға шаққанда 10 пайызға арзандады. Ал, теңге небары үш пайызға. Өйткені, ұлттық валютамыздың бағамы рубльге ғана байланысты емес. Теңге еркін айналымда. Нарыққа байланысты бүгін арзандағанымен, ертең қайта қымбаттауы мүмкін.
Сондықтан, валюта нарығындағы қысқа мерзімді тұрақсыздықты пайдаланып, мол табысқа кенелемін деу – қате түсінік екен. Десе де, Ақышев АҚШ-тың Ресейге деген көзқарасы Қазақстанның экономикасына да әсер ететінін жасырмады. Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, санкция салқыны қалай да сезіледі. Бірақ, бұдан теңге девальвацияға ұшырамайды дейді Бас банкир. Айтуынша, қаржы нарығы тұрақты. Алаңдауға еш себеп жоқ. Бірақ, депутаттарды теңге бағамы аса қызықтыра қойған жоқ. Есесіне, Ақышевтың сөзден сүрінгенін аңдумен болды.
-Құрметті Данияр Талғатұлы, сіз Мәжілістің өткендегі отырысындағыдай барлық сұрақтарға жаттап алған жауапты айтпай, нақты жауап берсеңіз. Егер қазақша қиындық туып жатса, бізде ілеспе аударма бар.
Нақты сөйлеңіз, бізге лекция оқымай.
Төменгі палата спикері Ақышевқа «ұзақ сөйлейсіз, бізге лекция оқымаңыз» деп ескерту де жасады. Ал Геннадий Шиповских сөз алғанда , отырыста нағыз тартыс басталды. Ақышев "Сақтандыру туралы" заң жобасын әзірлегенде Шиповскихты бірақатар ұсынысына құлап аспай қойыпты. Сондықтан депутат бүгін сақтандыру компанияларына арналған жаңа талапты тағы қозғады. Бірақ Ақышев бұл сұраққа бірден қарсылық білдіріп еді, осы кезде төраға араша түсті. Сонымен, мәжілістегі үшеудің арасындағы диалог мынадай болды:
Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты:
-Сақтандырушылар сіздердің нормаларыңызды орындай отырып қосымша шығын шығарғанын мен көріп отырмын. Яғни, бағаны қымбаттата түседі. Осыған байланысты сіз өзіңіздің заң дайындаудағы логикаңызды түсіндіріп беріңізші?
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төраағсы:
- Біздің регламент бойынша Мәжілістің төрағасы бақылауға алып отыр. Ол сұраққа жата ма, жатпай ма, сіз оған баға бермеңіз. Тікелей сұраққа жауап беріңіз.
--Жоқ, нақты деген сөзді түсінесіз бе? Түсінбесеңіз, Геннадий Геннадиевичке барыңыз, аударып береді.
Негізі, Ұлттық банк төрағасы Мәжіліске валюта нарығын реттеу туралы екі жаңа заң жобасын алып келген. Құжатта валюталық қатынас туралы заңда Қазақстаннан шетелге заңсыз ақша алып кетіп жатқандарға қарсы күресті күшейту тарлы жазылған. Ол үшін Ұлттық банк Мемлекеттік кіріс комитеті және аймақтардағы департаменттермен тығыз байланыс орнатып, ақпарат аламаспақ.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:
-Ақпараттық өзара іс-қимыл мәселелеріне неге ерекше назар аударылады? Себібі, капиталдың әкетілуін бақылауды заңның нормаларымен ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Капиталды әкету заңсыз жолмен, немесе заңды келісімдер арқылы жүзеге асыруы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары адал кәсіпкерлердің инвестициялық ақуалын және бизнес жағдайын нашарлату мүмкін.
-Сонымен, депутаттар Бас банкирдің шала жауабын, дайындығын, қазақ тіліне шорқақтығын бетіне басып, екі сағаттан астам уақыт қинады. Ал Ақышев айтылған сын, ескертудің бәріне келісіп, құтылды. Сондай-ақ, мәжілісмендер Ұлттық банк төрағасынан екінші деңгейлі банктердің акционерлеріне қылмыстық жазаны қатаңдатуды талап етті. Яғни, бар ақшаны ұрлап, клиенттерді шулатып қоятын банк басшылары бар жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!