Теңгенің құлдырап доллардың қымбаттауына байланысты ұшақ билетінің бағасы көтеріліп кетті
Теңге жұртты әлі де сергелдеңге салуда. Бүгін оның долларға қатысты биржадағы ресми құнының өзі тағы 6 теңге 26 тиынға құнсызданып, 331-ге жуықтады. Ал, кеше айды аспанға шығарған айырбас орындары араға тәулік салып сабырға келгендей. Онда валюта көрсеткіші 335-тен 328-ге дейін түскен. Бірақ, ресми бағамды ғана ескеретін азаматтық авиация саласында әлден қымбатшылық байқалуда. Аз күнде мың құбылған теңге бағамы қашан тұрақталмақ?
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
11.04.2018
Негізі, дәл осы уақытта валютамызға оң әсер етуі тиіс жағдай бар. Мәселен, теңгенің тағдыры мұнайға байлаулы. Әдетте, қара алтын арзандаса, ақшамыз міндетті түрде құлдырап шыға келеді. Ал, қазір Brent-тің бағасы жоғары болып тұр. Бірақ, нарықтағы қиындыққа оның тигізіп жатқан түйірдей де пайдасын көрмей отырмыз. Санкция салқыны одан күштірек болып шықты.
Оң әсер етер ештеңе болмай, теңгенің ресми құны қарқынды қымбаттауда. KASE-дегі бүгінгі бағам мынадай: 1 доллар 330 теңге 88 тиынға тең. Ал, рубль 5 теңге 21 тиынды құрады. Еуроға келсек, ол 409-дан асты. (409,4) Айырбас орнындағы өсімшіл тақтайшалар болса, керісінше құбылуда. Тыққан доллары болсын-болмасын, жұрт кешелі бері сол көрсеткіштерді аңдуда.
Кеше доллар құнын 335-тен бір шығарған пункттер бүгін бағамды бірінен соң бірі түсіруге кірісті. Қазір АҚШ ақшасы онда 328-331 аралығында сатылып жатыр. Бағам деген жерде баға да жүреді. Доллар қымбаттаса қызмет көрсету де, тауар да қымбаттайтынын талай рет болған девальвациялар дәлелдеп берген. Міне, антиресейлік санкция әсерінен әуе билеттерінің сомасы көтеріле бастаған. Әсіресе, шет елге ұшатындар енді көбірек ақша жұмсайды. Өйткені, халықаралық рейстердің билет құны еуро және доллармен бекітіледі екен.
Евгений Матвеев, «Transavia» компаниясының өкілі:
-Доллар, еуро бойынша билеттер бағасында өзгеріс жоқ. Бірақ, теңге шетелдік ақшаларға қатысты арзандады. Сәйкесінше, теңгемен есептегенде билет құны көтерілгенін байқаймыз. Валюта нарығындағы кез-келген құбылу ұшу бағасына әсер етеді.
Демек, теңге тәлтіректей түссе, ұшу бағасы қолжетімсіз бола түседі. Ал, бұл тек жолаушылар емес, тасымалдаушылар үшін де тиімсіз. Өйткені, мұндай күндері сатылым көлемі едәуір азаяды. Сарапшылар көп ұзамай онсызда шарықтап тұрған дәрі-дәрмектердің де қымбаттайтынын айтады. Тұрмыстық техника, тіпті, үйде қолданылатын химиялық заттардың бағасына дейін көтерілмек. Өйткені, санкция мен құнсыздануды сылтау етіп, мол пайдаға кенелуді көздейтін кәсіпкерлер көп екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!