{metadescription}
Сымы үзіліп,тежегіші істен шыққан: Ақтөбеде 150 лифтіні қолдануға тыйым салынды
Сымы үзіліп,тежегіші істен шыққан: Ақтөбеде 150 лифтіні қолдануға тыйым салынды

Сымы үзіліп,тежегіші істен шыққан: Ақтөбеде 150 лифтіні қолдануға тыйым салынды

Бұл сан әлі де өсе түсуі мүмкін. Өйткені рейдке шыққан сарапшылар жеделсатылардың сиқын көріп шошынып отыр. Көбінің сымы үзіліп, тежегіші істемесе де, тұрғындар пайдаланып жүр екен. Олардың ішінде қамалып қалу былай тұрсын, төменге құласа ешкім аман қалмайды. Ақтөбедегі лифтіде осыдан бір жұма бұрын тележүргізуші әйелдің мерт болғаны аян.

Қапияда қосағынан айырылған Қайыржанның лифтіні көрсе жүрегі қан жылайды. Осыдан бір жұма бұрын төрт жыл отасқан жарының жеделсатыдағы жансыз денесін өзі шығарып алған. 28 жастағы тележүргізуші Айзат Әбдісамат бірінші қабаттан лифтімен көтерілмек болғанда аяғын есік қысып қалады. Шахтамен кабина ортасында қалған келіншек тұншығып өлген. Ал үш жасар қызы лифт кабинасына ерте кіріп үлгерген екен. Бөбек дін аман. Енді жігіт есікірген лифтіні бақыламай, пайдалануға бергендерді жазалауды талап етіп отыр.

Қайыржан Ерқасымов, А.Әбдісаматтың жұбайы:            

-Біздің үйдің жеделсатысы жиі істен шығатын. Жарым қайтыс болардан үш күн бұрын ішінде бір адам қамалып қалып, әрең шығарған. Лифтіні ешкім тексермейді. Бақылауға алу керек. Әйелімнің өліміне кінәлілерді тауып жазаласын.

Қайғылы оқиғадан кейін құрылған комиссия қаладағы барлық лифтіні тексеруге шықты. Сарапшылар жеделсатыға кірмей-ақ, қауіпсіздікке жауапты мамандардың еш рұқсат құжатының жоқтығына таң қалды. Алғаш кірген жеделсаты да оңып тұрған жоқ. Құрылғыны тексеруге келгендердің көздері шарасынан шықты. Себебі, лифтінің сымы әрең ілініп тұр. Егер ол үзілсе ішіндегі адам аман қалмайды. Өйткені төменнен ұстап тұратын тежегіш баяғыда жоқ болған.

Бақытжан Кенесарин, тексеру комиссиясының сарапшысы:

-Лифт 85 жылғы. Енді 25 жыл өтті. 2017-де паспортында штамп тұр. Жеделсаты жүруге тиіс емес. Енді оның қалай жүргенін құдай білсін. Болмаса жауып тастау керек.

-Ақтөбеде дәл осындай 300 лифт ескірген. Олардың барлығының дерлік қолдану мерзімі бітіпті. Кейбірінің есігі дұрыс жабылмайды, ал кейбірінің тіпті сымы үзілгелі тұр. Ол адам өміріне қауіпті. Сондықтан үш жүз лифтінің тең жартысын тексеру комиссиясы жауып тастады.

Қаладағы лифтілерді қадағалап отыратын мекеме жоқ. Жеделсатының біріне пәтер иелері кооперативі жауап берсе, басқалары жеке компаниялардың құзырында. Кооперативтегілердің өздері лифтіні мемлекет қарауына алса екен деп отыр.

Алпамыс Нұрпейісов, ПИК төрағасы:

-Үкімет қарауы керек қой. Үкімет тексеріп отыру керек. Жекеменшік болғасын былықпай болып кетті.

Осыдан 20 жыл бұрын жеделсатыға жауап беретін лифт шаруашылығы басқармасы болыпты. Әкімдік құрамындағы бұл мекеме техникалық тексеруден бастап, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Кейін ол таратылған соң кім көрінген қарауға көшкен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.