Таразда жеткіншекті зорлап, буындырып өлтірген жасөспірім жазадан жеңіл құтылды
Таразда 10 жастағы жеткіншекті зорлап, буындырып өлтірген жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Өзінен үш жас кіші балаға ажал құштырған ол енді бір жылын ерекше режимдегі арнайы мектепте өткізуі тиіс. Оның колонияға жіберілмеуіне қылмыс жасаған кезде 14 жасқа толмағандығы себеп.
Автор: Руслан Әбдіхалық
12.04.2018
Бүкіл елді дүрліктірген оқиға өткен жылдың қараша айында болған еді. Із-түссіз жоғалған 4-ші сынып оқушысының өлі денесі балабақша маңындағы топ ағаштың арасынан табылған. Кейін соның мектебіндегі 7-ші сынып оқушысы басты күдікті ретінде ұсталады. Өйткені екеуінің бірге ойнап жүргендерін көргендер болды. Тексеру нәтижесінде, Никитаның зорланғаны әрі тұншықтырылғаны анықталған. Және екеуі де желім иіскеген. Бірақ 13 жастағы Николайдың кінәсі толық дәлелденіп, тіпті өзі де мойындағанымен, ол қылмыстық жауапқа тартылмады. Ал судья анасынан ерте айырылып, маскүнем әкесімен елеусіз өскен жасөспірімге жаза тағайындау оңай болмады дейді. Фемида өкілі шешім шығарарда қылмыскердің қиын тағдырына баса мән берген.
Тахмина Сұлтанова, судья
-5 жастан 13 жасқа дейін оның ешкімі болмаған. Өзі де, өмірі де адам баласын қызығарлықтай емес. Ол маған «не істейсің» дегендей аянышты көзбен қарап тұрды. Прокурорлар екі жыл сұраған, ал мен бір жыл жаза кестім. Енді ол Шығыс Қазақстандағы ерекше режимдегі арнайы мектепте 12 ай болып келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!