{metadescription}
Ақмола облысында тұрғындар депутатпен дауласып жүр
Ақмола облысында тұрғындар депутатпен дауласып жүр

Ақмола облысында тұрғындар депутатпен дауласып жүр

Ақмола облысында Зеренді аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Петр Тарановқа тұрғындар жаппай қарсы шықты. Жұрттың айтуынша, 2004-ші жылы серіктестік құрып, 200-ден аса құрылтайшының жерін пайдаланып келе жатқан Таранов қара халықтың тиесілі үлестерін бермей қойған көрінеді. Уақытылы жалақы көрмей, қорасындағы малына шіріген сабан алудың өзі қияметке айналған диқандар кәсіпкерге қалай да жерді қайтар деген талап қойды.

Кезекті жер дауы бұл жолы әлдекімдердің жерге қызыққандығынан емес, халықтың ашынғанынан туды. Егін себілмей кетсе де, Таранов жерді қайтарсын деп шулаған жұрт жергілікті «Жыланды» серіктестігінің директорын ортаға алды. Бұған дейін олардың сөзін құлаққа ілмей, шақырса келмей жүрген Петр Таранов үшін облыстық мәслихат депутаттарын шақыруға тура келді. Тұрғындар солардың жетегімен ғана орталарына жеткен жергілікті дөкейден көрген қорлықтарын жайып салды. 

2004-ші жылы құрылған «Жыланды» шаруа қожалығы басшысының бұл әрекетіне облыстан келген депутаттар да таң қалды. Тұрғындар бір анықтама алу үшін оның үйінің есігін қағып, жалақыларын ала алмай талай сандалғандарын айтты. Ол тіпті бұларды көзіне де ілмейді екен. Қит етсе, қаруын кезеніп шыға келеді дейді ашынған жұрт.

Руслан Төлеубаев, жер үлескері:

-Ол өзін мұнда нағыз патша сияқты сезінеді. Мен де осы ауылдың тумасымын, құрылтайшымын. Жерде үлесім бар. Енді бұлай жалғаса бермеуі керек. Ағамның екі жылқысын атып тастапты. Бұл не сұмдық! Ойына келгенін істеп жүре бере ме?

Осындай сұмдыққа шыдап келген ауыл тұрғындары серіктестік құрылғаннан бері жарытып жем шөп те ала алмағаны былай тұрсын, шабындыққа да шығармай қойған. Ал жайылым үшін «аяқтарыңды сындырам» дегенге дейін барды дейді жұрт. Таранов мырзаның бұған қарсы уәжі жоқ емес. Ол осы айғай-шудың артында біреулердің тұрғанына сенімді.

Петр Таранов, «Жыланды» ЖШС директоры:

-Бұларды біреулер желіктіріп жүр. Бәрінің айтып  отырғандары бекер. Менің егіс алқабыма көзі түсіп жүргендер бар. Солардың ісі ғой. Рас, соңғы 5 жылда егін шығымдылығы төмен болды. Астық қар астында қалып қойған кездер де болды. Сол кезде жем-шөп бере алмадым. Ал бірнеше қаруымның бар екені рас. Заңды түрде тіркелген. Бірақ оларды көшеде ұстап жүрмеймін ғой.

Қалай десе де, тұрғындардың одан әбден көңілі қалған. Ал облыстан келген депутаттар оларға жер үлестерін алып, Тарановтан бөлінгісі келсе, заңгер жалдап  сотқа жүгінуге кеңес берді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.