Қызылорда облысында Сыр бойының символы дәрет сындыратын орынға айналған
Сырдарияның жағасынан бой көтерген тарихи монумент алты жылдан бері қор боп тұр. Қызылорданың атын шығарамыз деп бақандай 337 миллион теңгеге 40 метр етіп ескерткіш салдырған шенеуніктер ол ойын ақыры пайдаға асыра алмай стелланы жауып тыныпты. Екі ортада ешкімге қажеті болмай қалған қалған қала символы ұзақ жылдар бойы қаңырап қаңғыбастарға пана болуда.
Автор: Аруна Ортай
12.04.2018
Бұл қызылордалық шенеуніктердің Сыр өлкесіне тартқан сыйы. «Сыр-Ана» атты тарихи монумент. Сәукеле киіп, бұралып тұрған ару - қазақ қызының сұлулығын паш етіп тұр. Ал шашағы жайқалған күріш сабағындай өңірдің нағыз ерекшелігін көрсеткен. Десе де, өңірдің басты символына айналуы тиіс стелланың заты атына сай болмай тұр.
Айдана Көшербаева, Қызылорда қаласының тұрғыны
-Оған адамдар онша бара қоймайды. Жабық тұрады. Қараусыз қалған.
Ескерткіш осыдан алты жыл бұрын дүркіреп ашылған екен. Мұндай монументке қуанған сол кездегі өңір әкімі Болатбек Қуандықов Қайрат Нұртас, Мадина Садуақасова сынды әйгілі эстрада жұлдыздарын арнайы шақыртып, үлкен концерт те өткізген-ді. Алайда, ол ақша да ауаға шашылған боп шықты. Өйткені, той тараған соң монумент те жайына қалған.
Біржан Далабаев, Тұрғынүй коммуналдық шаруашылық және тұрғынүй инспекциясы бөлімі бастығының орынбасары:
-Оның ішін дәретханаға айналдырғаны рас. Барып өздерінің қалдықтарын, қоқыстарын тастап кетеді. Терезесін талай сындырып кеткен фактілер де болды. Одан кейін оның бәрі қалпына келтіріліп, басына күзетші орналастырылған. Бірақ енді бүгінгі күнге алдағы уақытта жаз айлары басталып келе жатыр. Осы көктемде бір тазалау жұмыстары жүргізіледі содан кейін ашылады.
Дегенмен, қазір де «Сыр-Ана» қараусыз тұр. Ескерткіштің баспалдақтары бөлініп, әр жері қираған. Ал сорақысы сол Сырдарияның символы деп бақандай 337 миллион теңгеге салынған стелланың қайда орналасқанын қызылордалықтар тіпті білмейтін боп шықты. Жалпы Қызылорда қаласында бас-аяғы 52 ескерткіш бар. Бәрін бірдей күтіп баптауға бюджеттен 60 миллионнан астам қаржы бөлінеді екен. Алайда, «Сыр-Ананың» ақшасы қайда кеткені беймәлім. Ал стелланың о бастағы авторлары - шенеуніктер болса, оны қайта жөндеп, абаттандыруға тағы қаражат қажет деп алақан жайып отыр.
******************************************
Ильхам Әлиев сайлауда жеңіске жетті
Нұргүл Нұрланқызы
Қарсыластарын шаң қаптырып, қайта президент сайланған Ильхам Әлиевті бүгін Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. Елбасы Әзірбайжанның бұрынғы әрі жаңа басшысына ізгі ниеті жазылған жеделхат жолдаған.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
- Бұл жеңіс сіздің азаматтардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға және мемлекетіңіздің халықаралық аренадағы беделін асқақтатуға бағытталған саясатыңызды халықтың қолдайтынының дәлелі. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқаныңызды атап өткім келеді. Екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық серіктестіктің бұдан әрі де нығая түсеріне сенімдімін.
Әлиевті тағы таққа отырғызған Әзірбайжандағы кезектен тыс сайлау кеше болды. Оған халықтың 74 пайызы қатысқан. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, жеңімпазды дауыс берушілердің 86 пайызы қолдапты. Демек, оған 3 жарым миллионға жуық адам дауыс берген. Десе де, оппозиция өкілдері бұл саяси додаға бойкот жариялады. Себебі, заңға сәйкес, елдегі президенттік сайлау жарты жылдан соң болуы тиіс еді. Ал, оны алдын ала өткізу арқылы Әлиев қарсыластарының халықпен кездесуіне кедергі келтірді деп есептейді. Қалай болғанда да, Ильхам Әлиев енді алдағы 7 жылда Әзірбайжанды басқарады. Бұл оның осымен төртінші рет президент болуы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!