Назарбаев латынша жазып үйрене бастағанын айтты
Президент Абайдың сөздерін күнде латын қарпімен жазып, жаттығып жүр. Жаңадан өз әліпбиімізді бекіту тарихи жетістік екенін айтқан Мемлекет басшысы халықаралық терминдерді түгел аударуға қарсы. Ал аты дардай, бірақ рейтингі төмендеп кеткен жоғары оқу орындарын қысқартуды ұсынды. Бүгін әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тіліндегі нұсқасының тұсауын кескен Елбасы осы айтылған мәселелер жөнінде пікірін білдірді.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.04.2018
Жаңадан бекітілген төл әліпбиімізді Назарбаев өзгелерге үлгі болып өзі бастап үйреніп жатыр. Аздап қиындығы болғанымен, аса қиналатын түгі жоқ. Президенттің айтуынша, өз әліпбиімізді ешкімге жалтақтамай, өз бетімізше қабылдауымыз – үлкен тарихи оқиға.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
- Тәуелсіз ел ретінде ешкім бізді мәжбүрлемей өз еркімізбен өз әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Енді қазір оны бекіттік, әліпбиді. Ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Мен де отырып алып, күнде сол әліпбимен жазамын, Абайдың сөздерін.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған ірі жобалардың бірі әлемнің ең үздік деген 100 оқулығын қазақ тіліне аудару. Бүгін соның алғашқы 18 кітабы Елбасына таныстырылды. Бұл кітаптар қатаң талаптармен іріктелген. Яғни, бірнеше тілге аударылып, әлемдік 100 университеттің оқу бағдарламасында болуы керек. Дәл сондай 800 кітаптың ішінен жүзі іріктелген. Мемлекет басшысы оларды оқу бағдарламаларына енгізу жөнінде тапсырма берді. Елбасы осы ғылыми еңбектерді аударуда терминология мәселесіне көп тоқталды.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
-Шетел тіліндегі сөздер әсіресе орыс тіліндегі сөздерден ажырайық деп неше түрлі аударулар жасады қазақ тіліне. Кейбіреуін айтуға ұят. Кейбіреулері тура келді, дөп келді. Кейбіреулері әйтеуір аударсақ болды деп. «Процент» деген дүние жүзіндегі сөзді ауыстырды оны, ол түріктікі де емес. Парсыдан алған, «пайыз» деп ауыстырды. Мен келіспеймін сонымен. Дүние жүзінде қолданылатын терминдер қазақтың тіліне енсе, ол тілімізді байытады. Көбейтеді санын.
Ал нағыз ғылымның қайнаған ортасына айналуы тиіс мықты деген университеттер Назарбаевтың сынына ұшырады. Көбінің саны бар, сапасы жоқ. Президенттің айтуынша, ірі оқу орындарының өз ғылыми зертханасы болуы керек. Ол өндіріспен ұштасып, коммерцияға шығу керек. Яғни, ғалымдар құрастырған дүниесін өнеркәсіпке енгізуі тиіс. Алайда, біздің университеттер бұл мәселеден алшақ. Рейтингке салғанда білдей оқу орындары төменгі орындарда жүр.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
-Қазір күнде министрлікке келеді де қалтасына ақша түскен соң университет ашайық дейді. Бізде 130 университет бар, оны қысқарту керек. Біз оларға грант бере алмаймыз. Түсіндіреміз халыққа, мына жерден түк таппайсың деп. Сондықтан университеттер сақталып қалам десе, заманға сай болуы керек.
-Сондықтан Мемлекет басшысы жастар құр диплом үшін аты шыққан университеттерді таңдай бермей, заман талабына сай, нағыз қажет инженер-техникалық кмамандықтарын таңдау керек дейді. Сонымен бірге, қазақ тілінің гуманитарлық-лексикалық түсіндірме сөздігін жасау жөнінде тапсырма берді. Ал әлгі аударылатын 100 кітаптың глоссарийінде 3 мың термин бар екен. Оларды қазақшалау немесе сол күйі қалдыру аудармашыларға үлкен жұмыс болайын деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!