Павлодар облысында құрсақта шетінеген шақалақтың әке-шешесі оның өліміне дәрігерлерді кінәлады
Отағасының айтуынша, ай-күні жеткен әйелін өткен сенбіде қаладағы перзентхана жеткізген. Ал жүкті келіншекші қабылдаған дәрігерлер, жағдайдың ауыр екенін көре тұра операцияны дүйсенбі күні жасаймыз деген көрінеді. Құрсақтағы бала сөйтіп, дүйсенбіге жетпей шетінеп кеткен. Аурухана басшылығының да өз уәждері бар.
Автор: Әйгерім Шакаманова
13.04.2018
-Өткен аптада екінші перзенті дүниеге келуі тиіс болған Виталий Каршин қазір өзін қоярға жер таппай жүр.
Айтуынша, өткен сенбіде ай-күні толған жұбайының жағдайы нашарлай бастаған соң, бірден ақсулық перзентханаға жеткізген. Дәрігерлер әйелді қабылдағанымен, жоспарлы кесарь тілігін дүйсенбі күні жасаймыз деген екен. Бірақ құрсақтағы нәресте ол күнге жетпей шетінеп кеткен.
Виталий Каршин, Ақсу қаласының тұрғыны:
– Сенбі күні қабылдау бөліміне өзім алып келдім. Әйелім ішіндегі сәбиіміздің мазасызданып жатқанын дәрігерлерге бірнеше рет айтқан. Бірақ олар жоспарлы ота дүйсенбіде жасалады деп жауап беріпті. Ал жексенбі күні УЗИ-ге барғанда, құрсақтағы баланың шетінегенін анықтаған.
Бұдан соң жүкті келіншек шұғыл Паволардағы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліпті. Ондағы ақ халаттылардың айтуынша, әйел мұнда түскен сәтте құрсақтағы сәбидің жүрегі тоқтап қалған. Ал 8 жыл бұрын үлкен қызы кесарь отасы арқылы алынғанына қарамастан, орталықтағы дәрігерлердің көмегімен келіншек құрсақтағы өлі нәрестесін өзі босаныпты.
Арайлым Шідербаева, акушер-гинеколог:
-Құрсақішілік ұрықтың өлімі болғандықтан бірден қабылданды. Жүкті әйелдің бұрынғы жүктілігі кесір тілігі арқылы жасалынған және осы екінші жүктілік антенаталды өлім болғандықтан, жүкті әйелдің операциялық емес, өздігінен босану керек деп шешілді.
Қазір 32 жастағы Анастасия Каршина перинаталдық орталықта жатыр. Қайғылы оқиғадан соң оның жағдайын психологтар бақылауда. Иә, олардың айтуынша, келіншек жүктілік кезінде жасалуы тиіс барлық анализдерді тапсырып жүрген.
Тек құрсақтағы тоғыз айлық шақалақтың салмағы – небәрі 2 келі, яғни тым аз болған. Десе де, ондағы ақхалаттылар іштегі баланың өліміне нақты ненің себеп екені жөнінде ештеңе айта алмай отыр.
Бақытжамал Нұралдинова, Ақсу қалалық орталық ауруханасы стационарының бас дәрігері:
Б-ұл әйел жүктілік кезінде бізде тіркеуде тұрды. Тоғыз ай бойы біздің анализдарды тапсырып, қаралып жүрді. Ал енді алдын ала баланың немесе әйелдің өміріне қауіптің төнді-төнбегенін біз қазір нақты айта алмаймыз. Оны арнайы сараптама көрсетеді.
Қазір бұл жайтқа қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ал Анастасияның күйеуі бала өлімі үшін ақсулық дәрігерлерді кінәлауда. Яғни, әйелі түскен сәтте бірден ота жасалған жағдайда, ол аман-есен туылар еді дейді. Осылай деген Виталий Каршин ұқыпсыз дәрігерлерді заң алдында жауапқа тартқызуды көздеп отыр. Сол үшін Ақсу қаласының прокуратурасына шағым түсірген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!