Әкімнің уәдесі қайда? ШҚО жұрты екіжүзді шенеуніктердің өтірігін әшкереледі
Шығыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен Глубокое елдімекенінің тұрғындары жергілікті шенеуніктерді екіжүзділігі үшін айыптап, айқайға басты. Айтуларынша, төтенше жағдай кезінде жаңа баспана алып береміз деп жұбатқан аудан басшылығы, сөзінен тайқып кеткен. Тасқыннан түгі қалмаған үйлерді о баста апатты деп таныған арнайы комиссиясы да аяқасты шешімін өзгертіп, ол үйлерде тұруға болады деп қорытынды шығарыпты. Жұрт енді сөзінде тұрмайды деп, әкімді орнынан кетуін талап етіп отыр.
Автор: Аруна Ортай
13.04.2018
Айнұр Жылтырова тасқында зардап шеккендердің бірі. Жарты айдан бері келіншек туыстарының үйінде жүр. Өйткені, шенеуніктердің өздері су басқан баспанасына кіруге тыйым салыпты. Бірақ бүгін ол жанын шүберекке түйіп, табалдырықтан аттады.
Айнұр Жылтырова, Глубокое ауылының тұрғыны:
-Жүргенде мына еденнің бәрі қозғалады. Өздері келгенде «үйге кірмеңдер, үйлеріңіз құлап кетіп, біреулеріңізді мерт қылады» деп сөйткен болатын. Енді осыған жөндеу жасаймыз деп жатыр. Білмеймін, қалай жасайды? Үй береміз деп айтып еді, енді жөндеуге көшті ақыры.Сонда аудан әкімінің уәдесі қайда қалды?
Қамкөңіл жұрт әкімнің бір ауыз сөзінен кейін жаңа баспана іздестіре бастаған. Кейбірі тіпті бағасына келісіп те қойыпты. Шенеуніктерге шүбәсіз сенгендердің бірі - Нестеровтер отбасы. Төтенше жағдай кезінде елдімекен әкімі отбасыны туыстарының үйіне іздеп барып, жаңа баспана беріледі деп жұбатқан екен.
Десе де, кірпіші үгітіліп тұрған олардың үйі де аяқасты апатты болмай шыққан. Жалпы, Глубокое ауданында барлығы 29 үй о баста тұруға жарамсыз деп танылған. Барлығының дерлік қабырғасы жарылып, едендері қарс айырылған. Енді аяқасты жарамды бола қалғанына әкімнің өзі аң-таң. Десе де, берген уәдем есімде деген атқамінер бар кінәні тексерген комиссияға аудара салды.
Сергей Мүбәрәков, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
-Окончательное решение дает эта фирма, то есть которая делала техническое обследование. И полностью они отвечает за это.
Ал шешіммен келіспеген тұрғандар комиссияны сотқа берсе болады екен. Осылай деп екі сөйлеген атқамінерлер тасқынан зардап шеккендер мен тексерушілерді таластырып, тасада қалғанды жөн санапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!