Төтенше жағдайлар комитеті өзгені қойып, өз қызметкерлерін тексерейін деп жатыр
Өйткені, ел аумағындағы ірі сауда үйлерінен 6 мыңнан аса ережебұзушылық анықталған. Бірақ, инспекторлар сол кемшіліктерді осыған дейін неге қадағаламаған? Осы сұрақтарға енді төтенше жағдай мамандарының өздері жауап бермек.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.04.2018
Ел аумағындағы сауда, ойын-сауық орталықтарына тексеру жүргізген төтенше жағдай мамандары өрт қауіпсіздігі сақталмаған 6081 жағдайды анықтапты. Ескертуге құлақ аспаған кейбіреуінің ісі сотқа кетіп жатыр. Астананың қақ ортасында тұрған «Керуен сити» деп аталатын сауда үйі төтенше жағдай қызметкерлерінің бір ескертуін пысқырмапты. Екінші қайтара тексерсе, жағдай сол күйі түзелмеген. Оның ісі енді сотқа жолданған. Ол енді кемі ірі көлемде айыппұл төлеп құтылады. Болмаса, тіпті жабылып тынуы мүмкін. Дегенмен, осынша олқылықтың бәріне мамандар қалайша көз жұмып келген? Төтенше жағдай комитеті енді өз қызметкерлеріне шүйлігіп жатыр. Бармақ басып, көз қысқандары анықталса, айыппұлға жегіліп, жұмыстан қуылуы мүмкін.
Юрий Ильин, ҚР ІІМ орынбасары:
-Біз бәрібір өз қызметкерлеріміздің арасында тексеріс жүргізетін боламыз. Яғни, осы тексеріс қорытындыларын алдыңғыларымен салыстырамыз. Егер қандай да бір қателіктер анықталатын болса, біздің инспекторлар құрамы мен лауазымды қызметкерлеріміз әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!