ШҚО-да дәмхана қожайынымен жаға жыртысқан қонақтар ұзақ мерзімге сотталды
10 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Төбелес үшін осындай ауыр жаза арқалағандардың туыстары үкіммен келіспейді. Олар Алматыда журналистерден араша түсуін сұрап, баспасөз жиынын өткізді.
Автор: Асыл Махмет
16.04.2018
Үлкен дауға себепкер болған Үржар ауданындағы төбелес осы. Бір-бір соққыдан алған ауыл тұрғыны Дастан Бопаев мен мейрамхана қожайынының ұлы Ерлан Садықов. Дастан бұған дейін күзетшімен ерегесіп қалған екен. Ерлан болса сол текетіресті шешуге келіпті. Шу шыққан жерге тәртіп сақшылары да жетеді. Бірақ пагондылар оқиғаны тек сырттан бақылаумен шектеледі.
Жанболат Әкежанов, адвокат:
-Бопаевтың айтуына қарағанда, кешірім сұрадым дейді. Бірақ ол менің намысыма тиетін сөздер айтыпты. Менің көзімше полицейлерге Бопаевты қамаңдар, іс қозғаңдар деген. Мен сені соттатам, менің беделді таныстарым бар депті.
Сыдықовтың айтқаны айдай келді. Оның жағасынан алған Дастан Бопаев адам өлтіруге талпынды, бұзақылық жасады, кафе қызметкерлерін бопсалады деген жазамен 15 жыл, алты айға, төбелескендерді ажыратпақ болған Дастанның досы Бауыржан Қарсабаев 12 жылға, ешкімге қол көтермеген Аслан Әубәкіров 10 жыл, 5 айға сотталды. Бірақ соттың әділ өткеніне сотталушының туыстары күмән келтіріп отыр.
Наталья Марданшина, куәгер:
-Сот кезінде прокурордың анасы Гүлия бізге болмаған нәрсені айтыңдар деп сес көрсетті. Ол бізді өзінің көлігімен сотқа тасыды. Пәтер жалдап сол жерден шығармай ұстады. Мен бармен болып жұмыс істейтінмін ол жерде. Айтқанына көндік.
Кафе қожайыны болса өзіне шаң жуытар емес. Гүлия Садықова олар менің баламды жабылып сабады. Ұлым дене жарақатын алып, екі ай ауруханада жатты дейді. Және бұл азаматтар бүкіл ауылды шулатқан бұзақылар деп отыр.
Гүлия Садықова, Ерлан Садықовтың анасы:
- Күндіз де түнде де кіреді де ұрған адамды ұра салады. Алам деген нәрсені ала салады. Милиция оны тоқтатпайды. Оны жібере салады. Алты милиция сол үшін сот болды. Олар айтады қорықтық одан деп.
Төбелес үшін үкімнің ең ауырын арқалағандардың шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастады. Және жанжалды дер кезінде тоқтатып, араша түспегені үшін алты полицей жұмысынан қуылған екен. Сондай-ақ, төбелес кезінде далада жүрген Бопаевтың тағы бір танысы тергеліп жатыр. Ол да адам өлтіруге талпынды деген бап бойынша сотталуы мүмкін. Жазаны жеңілдетуін сұрап отырғандардың ендігі бар үміті Бас Прокуратура мен Жоғарғы Сотта.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!