Ақтөбеде әскери қызметкер екі адамды ажалдан арашалап қалды
Ақтөбеде әскери қызметкер мүгедек пен екі бүлдіршінді өрттен құтқарып қалды. Қызметінен кешқұрым қайтып келе жатқан ефрейтор Рысқали Еңсепбаев отқа оранған екі қабатты тұрғын үйді көреді. Сосын төменгі қабаттан көмекке шақырған дауысты естіп, сонда тұра жүгірген.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.04.2018
Қол алысып, қауқылдасып жатқан бұл екі адам кешегі күнге дейін бірін бірі мүлдем танымаған. Қазір енді таяқ ұстаған қария жас жігітті дер кезінде жолықтырғанына шүкіршілік айтып отыр. Өйткені өрт шыққан пәтерінен осы азамат аман алып қалыпты.
От осы пәтерде тұтанған. Ал үй иесі күлге айналған мына керуетте жатыпты. Өздігінен тұра да алмаған. Себебі, үш жылдан бері жүрек талмасынан төсекке таңылған екен.Өрт электр сымының тұйықталуынан болған. Жасы 74-ке жеткен Александр Василькевич ол кезде ұйықтап жатыпты. Ал оянған соң тіпті керуертінен аунап та түсе алмаған. Үстіндегі көрпесі бықсып жатқанда тек көмекке шақырып айқайлаумен болғанын айтады.
Александр Василькевич, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Аяғым күйіп жатты. Үстімдегі көрпенің мақтасы бықсып, тысы сарғайып кеткен. Жамбастап аунағым келді. Тұра алмадым. Сосын ыңырсып, бар даусыммен көмек шақырумен болдым.
Жұмыстан қайтып бара жатқан Рысқали Еңсепбаев қарттың даусын естіп қалады. Көк түтінге оранған үйге жетіп, ойланбастан сондағыларды құтқаруға кіріскен.
Рысқали Еңсепбаев, 6655 әскери бөлімінің қызметкері:
-Ең бірінші квартирге кірген жоқпын. Терезеге келдім. Түтіндеп жатқан терезеге қарасам дауыс шығады адамның. Денесі толық көрінбейді. Бір жақ аяғы ғана. Ішінде ауыл хәлде қарт кісі бар екен. Соны шығардық.
Қартты сыртқа шығарған бойда екінші қабаттағы басқа пәтерден 2-3 жастағы екі баланың қалғанын біледі. Балкон арқылы өрмелеп, оларды да түсіріп алған. Әскери бөлімдегілер Рысқалидың осы ерлігін елеусіз қалдырмақ емес. Енді бірер аптада оны «Ұлттық ұлан гравдиясының үздігі» медалімен марапаттамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!