{metadescription}
Семейде үйлерін тасқын шайған тұрғындар наразылық білдірді
Семейде үйлерін тасқын шайған тұрғындар наразылық білдірді

Семейде үйлерін тасқын шайған тұрғындар наразылық білдірді

Топан судан зардап шеккен жұрттың айтуынша, олардың дүние-мүліктері түгел жарамсыз болып қалған. Суда қалған баспаналардың жағдайы да мәз емес. Олардың ішіндегі, қолқаны қапқан көктің исінен тұрғындар  үйлеріне әлі орала алмай тентіреп жүр. Олар алғашында уәдені үйіп-төккен жергілікті биліктен әлі күнге дейін көмек болмағанына налып отыр.

-Затон ықшамауданының тұрғындары көктемгі тасқыннан қатты зардап шеккен болатын. Бүгінде сол бір метр тереңдіктегі топан судың астында қалған баспаналардың кейбіреуінің іргетасы отырып, қабырғасы қақырап кеткен. Енді қараша жергілікті шенеуніктерден мардымды көмек болмады деп зар жылап отыр.

Солардың бірі – жасы 70-тен асқан Сандуғаш Жұмаділова. Шалы екеуі ғана тұратын баспаналары құлаудың аз-ақ алдында тұр. Себебі, шлактан тұрғызылған үй қызыл суға шыдас бермепті. Оның сылақтары опырылып, қабырғасы шалқайып кеткен. Ал баспана ішіндегі жағымсыз иіс қолқаны қапқандықтан, едендерін қопарып тастаған.

Сандуғаш Жұмаділова, Семей қаласының тұрғыны:

-Ешкім жоқ. Балаларым алыста тұрады. Үйімді көріңіздерші. Өздері айтқан апатты жағдайда деп. Содан әлі ешкім келмеді. Бір-ақ рет көмір алдық.

Наурыздың аяғында болған тасқыннан кейінгі кез-келген баспанадағы көрініс осы. Жұрттың дүние- мүлкі жау шапқандай күйде жатыр. Істен шыққан тұрмыстық техникалар мен бүлінген жиһаздардың бәрі далада қаңтарылып тұр. Ал осы қыруар шығынды арнайы коммиссия әлі есептеп біте алмай жатқан көрінеді.

Ұлан Қадырсейітов, Семей қаласының тұрғыны:

-Комиссия келеді. Олар үйлерге таңдаумен кіреді. Біреу келіп алып кетсе сонда барады да, ары қарай қайтып кетеді. Міне, мына апайға мүлдем кірмеген. Әне, қағаздарында еш мөр жоқ. Жай  қағаз. Жазып жатып мынау жарамайды деп лақтыра салады да, екіншісіне қайта жазады.

Сондай-ақ, жұрт үйлеріне әлі толық оралып бітпеген. Өйткені дым тартқан баспаналарын бірден кептіру мүмкін емес. Оның үстіне пешті үзбей жағатындай отын-сулары да жоқтың қасы. Тіпті, тұрғындарға көмек көрсетуге бел буған жергілікті биліктің өзі жеме-жемге келгенде уәдені сыртқа сырып қойған.

Дәмилия Құдайбергенова, Семей қаласының тұрғыны:

-Мына кісі әлі келген жоқ. Өз еңбегіммен әкеліп тоңазытқышымды қостым. Әйтпесе, түгел кетті суда. Қандай көмек көрсетесіздер, білмеймін. Семейде тұрып едім. Одан қуып жіберді. Он күн жаттым.

Осылайша топан судың зардаптары жойылғанша атқамінерлер қажетті көмір жеткізіп тұруға сөз берген. Әйтсе де, жұрт олардың тарапынан 25 келіліктен төрт қап қана қара отын алғандарын айтуда. Оның өзі кейбіреулеріне мүлдем жетпей қалған көрінеді. Бірақ тонналап бермесек те, қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз деген жергілікті билік қарашаға өкпелі. Олардың ойынша,  жұрт шыққан шығынды мемлекеттен екі есе қылып қайтаруды көздеп отыр екен.

Николай Ушаков, Семей қаласы әкімінің орынбасары: 

-Жедел штаб жұмысын жалғастыруда. Қазір тұрғындардың өзі еш нәрсені түсінбей отыр. Біз оларға шығынды есептеу үшін өтініш беру керектігі жөнінде ескерту қағаз да таратқанбыз. Сол арқылы коммиссия жіберіледі. Олар 10 күннің ішінде шығынды толық есептеп бітеді. Шешім шыққаннан кейін шамамен 30 күнде қаражатты аударамыз. 

Сондай-ақ, шенеуніктер бүлінген үйлерді қалпына келтіру үшін құрылыс компанияларымен де келісім-шарт жасасқандарын жеткізді. Өйткені тасқынның астында қалған төрт ықшамауданнан жалпы 371 баспанаға зақым келген. Олардың тоғызы апаттық жағдайда тұр. Ал бұларға қатысты шешім жақын арада қабылданбақ. Әзірге мұндай үйлердің құжаттары Астанаға жіберілген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде