Ханталапай: Депутаттар бюджет ақшасы үшін министрлермен тағы дауласып қалды
Ғарыштан түсірілген суреттердің 75 пайызы жарамсыз болып қалған. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасаған фотоларды шаруалар түсіне алмай қиналып жүр. Яғни, министрлік миллиардтарды босқа далаға шашқан дейді депутаттар. Бірақ бұған қарамастан, Үкімет фермерлерге арнап ғарыштан жерді суретке түсіруге тағы 2 миллиард теңге бөлмек. Сондай-ақ, мәжілісмендер Білім мен Инвестиция министрліктері де қазынананың қыруар қаржысын жөнсіз жұмсалмақ деп шулады.
Автор: Жәудір Оразхан
18.04.2018
Бүгін Бейбіт Атамқұлов төменгі палата төрағасымен саудаласып, Мәжілісті үлкен базарға айналдырды. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрігі мемлекеттің миллиардтарына жерді ғарыштан суретке түсірген. Бірақ, ол фотоларды фермерлер мүлдем түсіне алмай жүр екен. Сондықтан, Нұрлан Нығматулин қолынан іс келмейтіндерден бұл міндетті алып қоюды ұсынып еді. «Біздің суреттердің бағасы арзан» деп, ақталмақ болған министр спикерден «базардағы саудагер сияқтысың» деген сөз естіп тынды.
-Вы сейчас выступили не как министр, а как один из активных участников алайского базара – "у меня товар похуже, но подешевле».
Яғни, Атамқұлов Ауыл шаруашылығы министрлігінен түсетін үлкен тапсырыстан айырылғысы жоқ. Оның үстіне бұл салаға Үкімет бюджеттен тағы 2 миллиард теңге бөлмек. Ал депутат Наталья Жұмаділдаева Білім министрлігінің әлеуметтік зерттеу жұмыстарға деп сұрап отырған соманы естігенде, шалқасынан түсті.
Наталья Жұмаділдаева, Мәжіліс депутаты:
-Бір жылда 1 миллиард 300 миллион теңгеге қандай әлеуметтік зерттеу жүргізбексіздер? Әлде сіздерде үш ауысымдық, апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесін түбегейлі шешіп тастадыңыз ба? Мүмкін, мұғалімдердің айлығын көтеруге қажет қосымша қаржыны артығымен тапқан боларсыз?
Сағадиев 1жарым миллиард теңгенің жартысынан көбін латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді зерттеуге жұмсамақшы екен.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Үш қосымша бағатымыз бар. Латиницаға көшу, балаларды, мұғалімдерді, жұмыстарымызды жақсылап зерттеу қажет. Екіншіден, халықаралық интеграция жағынан екі комитеттің толығымен мүше болдық. Үшінші бағыт, әрине, ол - «Рухани жаңғыру» жұмыстары.
Білім министрлігі миллиардтарға жұртқа рухани жаңғыруды түсіндіреміз деп жүргенде, елімізде 45 мектеп апатты жағдайда тұр. Ал 127 оқу орнында орын жетпегендіктен, балалар үш ауысымда оқып жатыр. Негізі, Үкімет биылғы бюджеттен өзге де әлеуметтік зерттеуге ақшаны аямапты. 17 мемлекеттік мекемеге 8 миллиард теңге берген.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
-2018 жылғы бюджетте әлеуметтік зертетуге қосымша тағы 4 миллиард теңге қоспақсыздар. Ал мүгедек баласы бар отбасыларға жәрдемақы ретінде 2 миллиард 7 миллион теңге қаралған. ІІМ-не тасқынға қарсы күресу үшін 1 миллиард 6 миллион теңге беріпсіздер. Сонда төтенше жағдайдан да маңызды қандай зерттеу жүргізбексіздер?
Шенеуніктер шетелден инвестиция тарту үшін де алдымен қыруар қаржы шашпақ. «Қазақ инвесттегілер» 5 жарым миллиард теңге Біріккен Араб Әмірліктері , Нью-Йорк пен Лондоннан жеке кеңсе ашамыз деп отыр. Жалпы, биылғы бюджеттің шығыны 9 триллион 643 миллиард теңге болмақ.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Мұнай бағасының баррелі 45 доллардан 50 долларға өзгеруі ескерілді. Республикалық бюджет шығыстары ақпан айында Үкімет түзеткен бюджеттен 417 миллиард теңгеге, ал жалпы бекітілген бюджеттен 425 миллиард теңгеге өседі.
Депутаттар Үкімет әзірлеген үшжылдық бюджеттің есеп-қисабына қарсы шығып, аздап шулағанымен, ақары құжатты мақұлдады.
-Ерлан Сағадиев жалпы отырыстан шыққан соң, әкімдерден қарызға ақша сұрады. Сол қаржыға мұғалімдердің жалақысын көтермек. Өйткені, Бюджет туралы заңға президент қол қоймайынша, Білім министрлігі мектептерге бір тиын да бөле алмайды екен. Құжат күшіне енген соң, қарызды қайтарып береміз дейді Сағадиев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!