Мектепте тамақтану еліміздегі оқушылардың денсаулығына үлкен қауіп төндіруде
Сапасы сын көтермейтін ас түбінде балаларды онкологиялық ауруға жетелеуі мүмкін. Арнайы зерттеу жүргізген қоғамдық ұйымдар осылай дабыл қағуда. Өйткені, асханаларды ешкім қадағаламайды. Жалға алушылар өзі би, өзі қожа болған соң, білгендерін істеуде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.04.2018
Денсаулықтың басты кепілі дұрыс тамақтану екенін бәріміз білеміз. Алайда, пайданы көздеген кәсіпкерлер мұны мүлдем естен шығарғандай. Қазір еліміздегі мектептер оқушыларды сапалы аспен қамти алмай отыр. Арнайы зерттеу жүргізген қоғамдық ұйымдар осындай қорытындыға келген.
Бүгінгі мәзірде майлы тағамдар көп. Балаларға ұннан жасалған ас та жиі ұсынылады. Тіпті, қуырылған, тым құрғақ, тұзсыз ауқатпен оқушыны тойдырып жүргендер аз емес екен. Білім алушылардың ағзасына ең қажетті деген дәрумендер мектептегі аста атымен жоқ болып шыққан.
Гүлнәр Берденова, Қазақ тағамтану академиясының зертхана меңгерушісі:
-Зерттеудің нәтижесінде балалардың тамақтарында жеміс-жидек, көкөністер жетіспеді. Сүт өнімдері жетіспегені анықталды. Балық, жұмыртқа керекті мөлшерде желінбейді екен.
Мектеп асханасында пісірілетін тамақтың 80 пайызы қоқысқа тасталады екен. Себебі, дәмсіз ауқатты жеуден оқушылар бас тартатын көрінеді. Ыстық тағам көңілден шықпай, олар автоматтардағы зиянды заттарды алып жейді. Сөйтіп, денсаулығын құртып алатындары қаншама. Қазірдің өзінде оқушылардың төрттен бірі семіздік сергелдеңіне түсіпті. Енді олардың өсе келе қант диабеті, жүрек, онкологиялық ауруға шалдығу қаупі жоғары.
Тағы бір мәселе: бізде тек аз қамтылған отбасының балалары мектепте тегін ас ішеді. Үкімет мұндай жанұядан шыққан бастауыш сынып оқушысының тамағына бар-жоғы 250 теңге, ал жоғары кластағыларына 450 теңге бөліп отыр. Бұл, әрине, оқушының толыққанды түскі ас ішуі үшін жеткіліксіз.
Елена Ожго, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры:
-250 теңгеге бір ғана табиғи таза йогурт алып жеуге болады. Ол ақшаға бірінші және екінші тамақтарды қалай сатып алуға болатынын мен білмеймін. Қосымша салат, шырын, сүт берілуі қажет. 250 теңге осының қайсысына жетеді?
Сондықтан, қоғамдық ұйымдар баланың тамағына жарытып ақша бөлмей отырған Үкіметке де ашулы. Оқушылардың қамын ойлаған Тағамтану академиясы мектепте тамақтанудың жаңа мәзірін құрған. Онда астың қалай пісірілетіні, тіпті, қанша мөлшерде берілу керектігі тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Тізімге дәруменге бай өнімдер енген. Алайда, жаңа мәзір бойынша жұмыс істеуге кіріскен ешкім жоқ. Ол үшін Үкімет те әр балаға 650 және 950 теңгеден ақша бөлуі қажет.
Белсенділер сондай-ақ әр қаладан тамақтану комбинаттарын ашу туралы да ұсыныс жасады. Ол пайда болса, бүкіл оқушылардың асы бір жерде пісіріледі. Сонда асхананы жалға алушылар айласын асыра алмайды.
Тілші: Бұл әзірге қоғамдық ұйымдардың бастамасы ғана. Күрмеулі мәселенің түбегейлі шешілуіне олар септігін тигізе ала ма, жоқ па, оны алда көре жатармыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!