Елімізде құрылысына миллиардтап ақша бөлінген спорт нысандары салынып бітер емес
Көбінің тұрғызылып жатқанына 10 жылдан асып кеткен. Бүгін Есеп комитеті "сақалды" құрылыс жол берген Мәдениет және спорт министрлігіндегі шенеуніктердің қателіктерін беттеріне басып, біраз былықты әшкереледі.
Автор: Досжан Маратұлы
19.04.2018
Иә, Есеп комитеті, Мәдениет және спорт министрлігіне аудит жүргізіп, бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексерген.
Түрлі бухгалтерлік қателіктер, тендердің кеш өткізілуі, секілді шалалық шаш етектен. Бірақ, Есеп комитетіндегілерді спорт нысандарының құрылысы неліктен созылып кеткендігі көбірек қызықтырды. Сондықтан атқамінерлерді әбден қыспаққа алды. Өйткені, спортшылар олимпиадаға дайындалуы тиіс Алматы мен Астанадағы орталықтарының құрылысы 11 жылдан асып кеткен. Ал, Щучьедегі атышулы шаңғы траплинінің салынып жатқанына 14 жыл болды. Бірақ, аяқталар емес. Ал, жұмсалған қаржының көлемі тым көп.
ТАЛҒАТ ЖАҚАН, ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:
-Алматыдағы орталықтың құрылысына қажетті қаржы жыл сайын өсіп келеді. Осы уақытқа дейін 28 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, құрылыс қашан аяқталады ешкім айта алмайды. Щучьедегі шаңғы трамплиніне қажетті қаржының көлемі де 14 жыл ішінде 4 есеге өсті. Дәл қазір оның құрылысы үшін 38 миллиард теңге жұмсалған.
Иә, себебін Мәдениет және спорт вице-министріне түсіндіруге тура келді. Айтуынша, құрылыстың созылуына нысандарды салумен айналысатын мердігер компаниялар сан мәрте ауысуы себеп екен. Сондықтан бұл істі созбалаңға салып жіберген. Әрі қаржыландыру да кеш жүріпті.
СӘКЕН МҰСАЙБЕКОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
-Алматы мен Астанадағы олимпиадағы дайындық орталықтарының құрылысы 2020-2021 жылдарға жоспарланған. Қазір жаңа мердігер келіп, жұмысты бастады. Ал, Шучьедегі шаңғы трамплинін биыл жыл соңына дейін пайдалануға береміз.
Есеп комитетінің жиынында Мәдениет және спорт министрлігінің бұдан өзге де былықтары айтылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары