Ақтөбеде шенеуніктер сабақ үстінде есінен танып кейін көз жұмған оқушыға жедел-жәрдемнің кешіккенін жоққа шығарды
Ақтөбеде оқушы қыз сабақ үстінде қайтыс болды. 10 жасар Ділназ Әбішеваның жүрегі ұстап қалған. Ал оның мұғалімдерінің айтуынша, олар жедел жәрдемге 18 рет телефон соғыпты! Дәрігерлер сонда да келмеген соң, ұстаздар жедел жәрдем көлігін жолдан ұстаған. Бірақ мұны денсаулық сақтау басқармасындағылар мойындамай отыр. Олар ұшып жеткеннің өзінде ешбір көмек бере алмас едік деп ақталды.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.04.2018
Қазір Ділназ отырған парта бос тұр. Ұстаздары мен сыныптастары да бұл оқиғадан шошынып қалған. Өйткені соңғы сабақта оқушы солардың көзінше талып құлапты. Мектептің мейірбикесі алғашқы көмек көрсетіп, дем салғанымен, қыз есін жимаған.
Айгүл Қайбалдина, №38 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- Жасанды дем бергенде, дем алған. Содан кейін ата-анасы мен класс жетекшісімен жедел жәрдем алып кеткен.
Ділназ Әбішева бұрын жүрек талмасына қатысты ешбір жерде тіркеуде тұрмаған. Тіпті, денсаулығына байланысты ата-анасына да, апайларына да шағым айтпапты. Жүрегі ұстаған кезде жұмыста жүрген анасы мен жедел жәрдем шақыртылған. Алайда, шешесі жаяулатып шұғыл жеткенімен, 103 қызметіндегілер келіп болмапты. Қызынан айырылған әйел жедел жәрдем дер кезінде келгенде қызым аман қалар ма еді деп ашынады.
Зәуреш Ерғалиева, Д.Әбішеваның анасы:
-Қызымнан айрылып қалдым мен. Не дейін? Ертерек келгенде тірі болар еді. Көрсетіп жатыр ғой неше рет қоңырау соққанын. Олар алмаған.
Осы оқиғаға байланысты тілшілерді жинаған денсаулық сақтау басқармасындағыдар өздерін ақтап әлек. Ұшып келгеннің өзінде мамандар жүрегін қайта соқтыра алмас еді дегенді айтады.
Светлана Есенаманова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Жедел жәрдем 14 минуттың ішінде барған. Норматив бойынша 15 минутта болуы керек. 18 рет хабарласып телефон алмады деген мүмкін емес.
-Дәрігерлер Ділназға тосыннан келген жүрек талмасы деп диагноз қойған. Мұндай сыртқатпен бала ұйықтап жатып та өліп кетуі мүмкін екен. Дегенмен, қара жабмылған ананың қызының өлімін даулап біреудің үстінен шағымдану ойында жоқ. Тек жедел жәрдем қызметі қай сырқатқа да сырқатқа кешікпесе екен деп тілеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!