Семейде мұзды жару сәтінде әйнектері сынған тұрғындар шу шығарды
Семейде топан суды кетіру үшін өзендегі мұзды жарған сәтте әйнектері сынған көп қабатты үйлердің тұрғындары наразылық білдірді. Айтуларынша, жергілікті билік оларға алғашында уәдені үйіп-төккенімен, артынша істі сиырқұйымшақтандырып жіберіпті. Сондықтан амалы таусылған тұрғындардың кейбірі пәтерлеріне әйнекті өз қалталарынан салдыруға мәжбүр болған. Енді шыққан шығындары төленбей қалама деп алаңдаулы. Ал өткен аптада ғана осы Шығыс Қазақстан облысының әкімі бұл жұмыстарды он күн бұрын бітіріп қойдық деп мәлімдемеген еді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
20.04.2018
Бұл – Семейде наурыз айының аяғында болған көктемгі тасқын. Ертіс өзені ернеуінен асқанда шаһардың шеткі төрт бірдей ықшамауданы бірінен кейін бірі топан судың астында қалған болатын. Тасқын ары қарай да күш алып кетпеуі үшін атқамінерлер қатқан мұзды жаруды ұйғарған еді. Әйтсе де, олар нақты қай жерге жаруды біле алмай, оқылыққа жол беріп, опық жеді.
Осылайша, дүмпу өзен жағасына жақын орналасқан көп қабатты төрт үйдің көптеген пәтерін әйнексіз қалдырды. Бүгінде 100-ге жуық баспананың бүлінгені белгілі болып отыр. Ал, жұрт жергілікті биліктен қайыр болмағанын алға тартуда. Алғашында бәрін қалыпқа келтіреміз деген атқамінерлер уәдесінде тұрмаған.
Серікболат Секейдин, Семей қаласының тұрғыны:
-Жөндеп береді-ау, деп күтіп отыр. Тумаған сиырдың уызын күткендей. Әлі, белгісіз қашан жөндеп береді? Біз сияқты жұмыс істейтіндер өз қалтасынан жасап жатыр.
Ал балкондарына әйнек салдыруға шамасы жетпегендер оған салафан төсеп қоюға мәжбүр. Себебі, жеке бағалаушылар оның пластик терезесін толық орнатып беруге жұрттан 250 мың теңге талап етіпті. Енді мұны қалтасы көтермеген зейнеткерлер не істерлерін білмей дал. Ал атқамінерлер төбе көрсетер емес.
Надежда Леонидова, Семей қаласының тұрғыны:
-Ешкім жоқ. Екі күн келді. Суреттке түсіріп қана алды. Қашан жасайтындарын айтпай отыр. Мен төсек тартып жатырмын. Жүре алмаймын. Өтінем, әйнегімді орнатып берсінші.
Сол келмей жатқан шенеуніктер облыс басшысына шаруаны бітірдік деп есеп беріп қойған сияқты. Өйткені өткен аптада Астанаға барған Даниал Ахметов журналистерге дәл солай деп мәлімдеді.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
-Барлық жөңдеу жұмыс біткен. 508 әйнек іске салынған. Сондықтан осы сұрақ он күн бұрын істелген мәселе.
Осылайша жергілікті шенеуніктер білдей аймақ басшысын өтірікші қылып отыр. Десе де, олар тұрғындар тарапынан сынық әйнектерді жөндеуге қатысты әзірге 125 өтініш қабылдағанын жеткізді. Олардың айтуынша, өз қалталарынан терезе қойған жұрттың шығыны мамыр айында төленеді екен. Сондықтан қарашаны сабыр сақтауға шақырып әлек. Ал мұндай құрғақ уәдеден мезі болдық деген тұрғындар бұған да сенбей отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!