Семейде кубик-рубик құрастырудан тұңғыш рет жарыс өтті
Бұған 350 оқушы қатысуға ниет білдірген. Олардың арасында әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғап, рекорд орнатып жүргендер де бар. Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда оған қызғушылық танытқандардың қатары артып келеді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.04.2018
13 жастағы Әлихан Ертұрсын кубик құрастырудан кез-келгенді шаң қаптырады. Қазақ баласы бұл өнерін әлемдік деңгейде дәлелдеп қойған. Тіпті ол Рессей, Беларусь елдерінде өткен халықаралық додада рекорд орнатыпты. Шашырап кеткен түстерді бір қатарға бас-аяғы 12 секундтың ішінде тізіп берген. Әлиханның айтуынша, бұның еш оқу-тоқуы жоқ.
Әлихан Ертұрсын, оқушы:
-Мұны кез-келген адам құрастыра алады. Ғаламтордан формуласын көріп алса болғаны. Кубикті бұзып-жинуды содан-ақ үйрене алады. Бірақ төзімділік қажет. Күнделікті жаттықсаң, саусақтарың да үйреніп кетеді. Ақырында тіпті өзі-ақ жинап береді.
Ал 350 баланың басын қосқан жарыс әлемдік ережемен ұйымдастырылды. Жиналған оқушылардың барлығы – бүгінде кубик құрастыруды жанына серік еткендер. Сондықтан, бап та, бақ та шабатын жарыста бірінен бірі қалыспауға жанталасты.
Расұл Жақыпов, оқушы:
-6 ай бойы үйрендім. Қазір екіге-екі, үшке- үш, төртке- төрт, беске- бесті құрай алам. Оның пайдасы мен өзімнің логикамды жақсартамын. Себебі, оның арқасында визуалды логиканы дамытамыз.
Қазір кубик құрастыруға қызығушылық тудыратындардың қатары артқан. Бүгінгі жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, балаларды оған үйрететін үйірмелер де баршылық екен.
Арман Машимов, Қазақстан спидкубинг федерациясының өкілі:
-Мектептерде тегін үйірмелер жұмыс жүргізіп жатыр. Оған баласын бергісі келетін ата-аналар да көп. Себебі, бұл оларды төзімділікке, жылдамдыққа үйретеді. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан да қолдау бар.
Сондай-ақ, еліміздегі мұндай жарыстың тұңғыш рет Семейде ұйымдастырылуы да тегін емес. Өйткені кубик құрастырудан кезекті әлем біріншілігі маусым айында осы қалада өткізілмек. Осы жолы көзге түскен оқушылар бұл бәсекеде ел намысын қорғайды. Ал оған әлемнің үздік рекордшылары қатысады деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!