Қарағанды облысында асырап алған балаларын аяусыз сабаған әкеге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қарағанды облысында бір отбасы асырап алған 3 бала зорлық-зомбылық көрген Көршілері бұлар үйінде осындай жағдайға ұшырады деп полицияға хабарлапты. Балалардың көкала қойдай боп жүретінінін мектеп мұғалімдері де растаған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары оларды бейімдеу орталығына алып, дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда балаларды асырап алған адам өзіне тағылған айыптармен мүлдем келіспейді.
Автор: Саят Сабдалы
23.04.2018
4 жастағы ер бала мен 6 және 7-дегі қыздар – бір туғандар. Оларды осыдан 1 жарым жыл бұрын Нүркен ауылының тұрғыны асырап алған. Ал жақында балалар қайтадан мемлекет қарауына өтті. Бұған балалардың мына көкала қойдай сабалған түрлері себеп. Көршілері үйде балалардың құлындаған даусы шыққанда жүрегіміз ауырады дейді.
Айымгүл Асауова, Нүркен ауылының тұрғыны:
-Ұзын күректің сабымен баланың арқасынан тартып кеп жіберді. Анау шыр етіп үйге жүгірді. Бұл енді менің көзіммен көргенім. Бір 3-4 күннен кейін жаңағы балаларды тағы соя бастады. «Папа-ау , папа-ау» деп жылайды. «Папаң өлген сенің, кімге айтасың сен?» дейді.
Мұны мектептің мұғалімдері де растап отыр. Аракідік қана сабаққа келетін қыздардың түрін олар да көріп жүрген. Бірақ 3 бала үнемі «өзара төбелесіп, жарақат алдық» дейді екен. Алайла ортаншы қыз ақыры мұғалімге өгей анасынан қорлық көріп келе жатқанын жылап тұрып айтып берген.
Алтынгүл Мұсаханова, мұғалім:
-Кофтасын көтерсем, денесінің бәрі көгерген екен. Баланың денесін қарап шығып соткаға түсіріп алуға тура келді. «Не болды?» деп ем, үндеген жоқ басында. Содан айттым: «айта ғой мамаңа айтпаймын» деп. Содан айтты, мамам оқтаумен ұрды деп. Айтам, не болды? Сен бірнәрсе бүлдірдің ба деп ем. Жоқ кәмпит жеп қойғаным үшін мамам оқтаумен ұрды дейді.
Ал балаларды асырап алған әйел – ауылдағы отбасылық амбулаторияның бас дәрігері. Жұрттың айтуынша, басы ауырып балтыр сыздағанда дәрі бермей қор қылады екен. Сондықтан ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс деп үйренгендіктен, ешкімді адам құрлы санамайтын көрінеді. Дегенмен ол балаларға қолым тиген емес деп ант су ішеді. Тіпті олар мектептен таяқ жеп келетін дейді.
Рымбала Скендірова, Нүркен ауылының тұрғыны:
-Завучтардың бәрі бір-бірімен туысқан. Мектеп директорынынң әйелі бір баламның мұғалімі, жеңгесі екінші балама сабақ береді. Ауылдың полицейлерімен ағайындылар бәрі. Егер расымен үйде сабалса мектеп директоры сол жерде бәрін шақырмай ма? Ешқандай дәлелдері жоқ балаларды жалғыз күнде алып кетті.
-Оның үстіне ауданаралық ювеналдық сот та Рымбала Скендірованы аналық құқығынан айыру жөніндегі арызды қараусыз қалдырыпты. Негіз таппаған. Енді Скендірова балаларды бейімдеу орталығынан алу үшін сотқа өзі арызданыпты. Ал полиция кішкентайлардың таяқ жегеніне қатысты іс қозғаған. Мәселенің мән-жайы тергеу барысында анықталуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!