Елімізде автокөлік бағасы қымбаттауы мүмкін
Бірақ отандық өнімді менсенбейтін шенеуніктерге бәрібір сияқты. Өйткені атқамінерлердің неміс, жапон иномаркаларына деген тәбеті басылар емес. Былтыр осы министрлік пен әкімдіктерге қызметтік көлік алу үшін бюджеттен 5 миллиардқа жуық қыруар қаржы жұмсалған. Енді Қазақстандағы машина саудасын бақылайтын «Қазавтоөнеркәсіп» одағы ақ жағалыларды қымбат джиптен түсіріп, отандық көлікке отырғызу үшін заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
23.04.2018
-Иә, отандық өнімді қолдау туралы биік мінберлерден бастамалар көтерілсе де, дөкейлердің өздері бұған құлақ асар емес. Шетелдің иномаркасын мінуді мақтан көрсе керек, қазына қаржысын шашып, түр-түрін алады.
Мәселен, Есілдің сол жағалауындағы Үкімет үйі, Министрлік ғимараттарының алды толған шетел машинасы. Көздің жауын алатын сүліктей көліктер мықтылығы жағынан бірінен бірі асады. Былтыр біздің осы шенділер үшін 500-ге жуық шетел иномаркасы алыныпты. Оған бюджеттен 5 миллиардқа жуық қыруар қаржы жұмсалған. Бір қызығы сәннен қалыспаған дәрігер, ғалым тіпті, әртістерге дейін қызметтік көлікті бюджеттің миллиондарына жапониядан алдыртып жүр екен.
Мәселен, биылдыққа Қостанай облыстық Ішкі істер департаменті мен Геофизикалық зерттеулер институты 13-14 миллионға жол талғамайтын джип TOYOTA HILUX-ті сатып алған. Ал, Шымкент қалалық мәслихатының аппараты мен Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театры 10-13 миллион теңгеге – TOYOTA CAMRY көлігін алыпты. Тіпті, Батыс Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің дәрігерлері де құны 12 миллион теңгенің қызметтік джипін мініп жүр.Енді еліміздегі көлік саудасын бақылайтын одақ мемлекеттік мекемелердің бұлайша импорттық емес, отандық машинаны сатып алуы үшін заңға өзгеріс енгізуі керек дейді. «Қазавтоөнеркәсіп» тиісті құжатты әзірлеп қойған.
ОЛЕГ АЛФЕРОВ, «ҚАЗАВТОӨНЕРКӘСІП» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Қазір мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онда шетелдің өніміне шектеу салынсын, сатып алуларда отандық көлікке басымдық берілсін деген ұсыныстарымызды айттық. Мұны халық қалаулылары құп көрсе, шенеунік біткен тек қазақстанда шығарылған машинаны ғана мінетін болады.
Одақ төрағасының айтуынша, көлік бағасының қымбаттауына Ресейге салынған санкция себеп. Айтуынша, АҚШ тыйымын үдететін болса рубль де құлдырай береді. Сәйкесінше, құн да өзгереді.
ОЛЕГ АЛФЕРОВ, «ҚАЗАВТОӨНЕРКӘСІП» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Теңге құлдырайды деген сыбыс шыққанда көлік саудасы керісінше қыза түсті. Өйткені, баға өсіп кете ме қауіптенген жұрт машинаны жылдам сатып алуға тырысты. Бірақ, санкцияның кесірінен доллар қымбаттайтын болса, әрине көлік құны да өсуі ықтимал.
Бірақ, Олег Алферов әзірге автокөлік нарығы тұрақты, тіпті қарқынды дамып келеді дейді. Айтуынша, шенеуніктер қазақстандық машинаны қажет қылмаса да, сауда былтырғымен салыстырғанда екі есеге өсіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!