Елімізде медициналық қондырғылардың үштен бірі әбден тозған
Бюджеттің миллиондарына сатып алынған олардың көбі қазір жарамсыз болып жайдан-жай шаң басып тұрып қалған екен. Түрлі емханаларда тексеру жүргізген Денсаулық сақтау министрі бүгін Үкіметте осындай былықты жария етті.
Автор: Досжан Маратұлы
24.04.2018
-Сонымен, бұл жерде кінәлі кім? Жауаптылар жазаланған ба?
Денсаулық сақтау министрінің қолында қазір нақты айғақтар бар. Тіпті аймақтағы бас дәрігерлердің салғырттығын тізіп құзырлы органдарға жіберген. Сол бойынша жауаптылар шетінен жазаланауы тиіс.
Ал министрлік айыптыны іздеп жатқанда медициналық құрылғылар ауру себебін анықтап, науқастарға ем жүргізуге жарамсыз. Мұны Денсаулық сақтау министрінің өзі мойындап отыр. Айтуынша, ведомство барлық ауруханаларға аудит жүргізіп, құны 5 миллион теңгеден жоғары техникаларды тексерген. Сөйтсе, олардың үштен бірі, яғни 35 пайызы тоз-тозы шыққан.
ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
-Ол біріншіден, сатып алынған техниканың бағасы жоғары болуы, Медициналық техниканың жұмыс істемей тұрып қалуы. Үш жылдық медициналық қызметтің көрсетілмеуі. Аудит қорытындылары бойынша материалдар Есеп комитеті мен құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Ал, осы заңбұзушылықтардың кесірінен, сырқатына дауа іздеп келген жандар жапа шегуде. Өйткені, медициналық қондырғылардың жоқтығынан дәрігерлер кейбір науқастарға дұрыс диагноз қоя алмайды екен. Ал, мұны естіп, ашуланған премьер Бақытжан Сағынтаев, емдеу мекемелеріндегі былықты дереу реттеуге пәрмен берді.
БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
-Бірінші кезекте, ұтымды жоспарлап және де негізгі қажетті медициналық теникалардың қажеттілігіне көңіл бөліп, алынған техникалардың тоқтап тұрмай жұмыс істеуін бақылау қажет.
Ал, Денсаулық сақтау министрі мәселені шешіп, жетіспейтін техникаларды сатып алу үшін жыл сайын бюджеттен 100 миллионға жуық қаржы бөлу қажет дейді. Әрі жаңадан алынған техникалардың жөнді жұмыс істеуін қатаң бақылауға алу жоспарланған. Ол үшін жыл соңына дейін медициналық қондырғылардың арнайы базасы құрылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!