3-уі жарақат алып, біреуі көз жұмды: Астанада терезеден құлаған балалар тағы көбейді
Тордан келген топалаң! Астанада көпқабатты үйлердің терезелерінен кішкентай балалар бірінен кейін бірі құлап жатыр. Соңғы 4 айдың өзінде 3 бүлдіршін ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Төртіншісін аман алып қалу мүмкін болмапты. Ал оның бəріне терезеге шыбын-шіркей мен масадан қорғайтын кəдімгі тор кінəлі.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.04.2018
Астанадағы №2 балалар ауруханасы тап сол терезеден құлаған екі бала емделіп жатыр. Тағы бірі бүгінде айығып, аяқтан тұрып кеткен. Терезеден құлады деген сөз дәрігерлерге де әбден таныс боп қалған. Өйткені, былтырдың өзінде 57 бала осындай жағдайға тап болыпты.
Ербол Қозыбағаров, Астана қалалық №2 балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
-Күн жылыған сайын ең бірінші қауіп терезелерден түсетін бала көп. Бірінші бала жетісі күні келіп түсті. Бас миының жабық жарақаты, бас миының соғылуымен. Самай сүйегінің ығысып сынулары. Балаға ота жасадық. Үш-төрт күн бала комада болды. Аппаратта ұстап, содан кейін жәйлап қазір бала бөлімшеде. Емін алып жатыр.
Екі жасар қыз баланың бұл жағдайға қалай тап болғанына анасы да таң. Небәрі екі минутқа жетер-жетпес уақыт көзден таса болғаны сол екен, қапелімде терезеден құлап кеткен.
Лаура Батыршаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Үйде асханада тамақ істеп жатқан кезде балалар арғы бөлмеде ойнап жатқан. Үлкен қыз кішкентай қызға көмектесіп, терезенің алдына шығып кеткенін мен тіпті байқамадым. Солай бала құлап кеткен. Әрі қарай жедел жәрдем бәрі келіп, бір апта реанимацияда жаттық.
Баланың жағдайы қазір қалыпты. Бірер күндікте жазылып шығайын деп отыр. Ал ата-аналарды осынша алаңдатып қойған кәдімгі терезеге ұстайтын тор екен. Терезеге телмірген кішкентайлар оны əйнектей берік деп қалады. Жұрт жапатармағай сатып алатын сол тор терезелер осындай шеберханаларда жасалады.
-Бұл шеберханада есіктер мен терезелердің түр-түрі жасалады. Соның ішінде терезе торлары бар. Олардың материалдары торы мен қаңқасына дейін шетелдерден арнайы тапсырыспен алдырылады. Тапсырыс берушілердің талабына сай көлемдері де әр түрлі болады. Тек ең басты ескерту – бұл балаларға ешқандай қорғаныш емес, бұл – тек қана тор.
Шеберлердің айтуынша, күн жыли бастағаннан тапсырыс көбейеді. Әсіресе жазда маса мен шыбын-шіркейден қорғану үшін бәрі орнатуға мәжбүр.
Сәбит Айжанов, цех басшысы:
- Балалардан абай болу керек. Балалар бұған сүйенеді. Терезе деп ойлайды. Содан абайлап байқау керек.
Абай болу керектігін бұдан бұрын да айтқан. Яғни, құрылыс компаниясы үй тұрғызғанда міндетті түрде екінші қабаттан бастап терезелеріне темір тор қою керек деген бастаманы құрылыс мамандары көтерген екен. Бірақ, селт еткен біреу жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!