Астанада мемлекеттің арзан үйіне қолы жетпеген салымшылар банкке басып кірді
Астанада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары қаржы ұйымының кеңсесіне басып кірді. Өйткені 300 тұрғын өздеріне тиесілі пәтерлерге әлі кіре алмай жүр. Наразылық білдірушілер бірнеше жыл бұрын арнайы байқаудан өтіп, үй алулары керек болған. Алайда, осы уақытқа дейін салымшылар несиені алмаған, не баспана дайын емес.
Автор: Жәудір Оразхан
24.04.2018
Шыдамы таусылған банк салымшылары бүгін менеджерлерді тыңдамақ түгілі, есіктің алдындағы қатаң күзетке де қарамай, тіке басшының кабинетіне кіріп барды. Өйткені, қатардағы қызметкерлердің құрғақ уәдесінен шаршаған, бос сөзге сенбейді.
- Пәтер қайда
- Ашуыңызды басыңыз.
Бұл адамның бәрі депозит ашып, тапқан ақшасын жылдар бойы «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» салып келген. Олар екі жыл бұрын банк жариялаған байқауда жеңіске де жетіпті. Сөйтіп, ипотекалық несиеге пәтер алулары тиіс еді.
-Көбіне шыдап, азына шыдасаңыздаршы. Болды ғой, екі күннен кейін.
-Мен 130 мың төлеймін арендаға пәтерақысы тағы бар. 150 мың төлеймін, 5 балам бар. Қаңғып жүрмін ана жерде, мына жерде.
- Бүгін АКТ тіркейді, жұма күні құжат сіздердің қолыңызда болады.
Топырлап кірген салымшыларды көргенде, банктің қалалық бөлімшесінің басшысы үйдің құжаттары дайын деп, қолындағы қағаздарды көрсетіп әлек. Тіпті бар кінәні құрылыс компаниясына ысыра салды.
Жансұлтан Матаев, ТҚЖБ Астанадағы орталық филиалының директоры:
-Біз құрылысты жүргізбейміз. Біз тек қана сол біткен үйді сатып алуға несие береміз. Сондықтан бітпеген үйге қалай несие береміз? Дұрыс па? 2015 жылы басталған 2016 жылы тұрып қалды. Қазір үй бітті, АКТ қолымызда бар. Болды, бұл жерде қандай сенсация?
Сенсация іздеп жүрген салымшылар жоқ. Олар бар болғаны банкке құйған миллиондарына тиесілі баспаналарын беруді талап етіп отыр.
Алтынай Тұрғанбекова, салымшы:
-Екі жылдың ішінде бізге сыйақы түскен жоқ, не үй жоқ. Бос сылтау. Қазағым шыдай тұр деп. Бұл деген сұмдық жағдай. Мен екі бөлмелі пәтерге өттім. 185 мың теңге шаршы метрі.
-Банк салымшыларының екі жылдан бері кіре алмай жүрген үйі осы. Құрылыс компаниясындағылардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің ішіндегі құрылыс аяқталған. Алайда құжаты дайын емес. Оның үстіне баспананың ауласында әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Алайда 12 қабатты үйдің құжаты дайын емес. Әділет министрлігінің базасына тіркелмеген де. Осыған қарағанда даудың жақын арада шешілуі екіталай сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!