Сирия: Содырлардың соңғы нүктесіне соққы жасалды
«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Дамаск түбіндегі соңғы ұяшығына соққы жасалды. Сирияның үкіметтік әскері мен жақтастары Дамасктің оңтүстігіндегі Ярмук лагерінің аймағына шабуылға кіріскен. Ал, бұл аумақ содырлардың Сирия астанасына өте жақын орналасқан ақырғы тірегі саналады.
Автор: Мақсат Мәлік
25.04.2018
Әскерилердің айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше аудан бақылауға алынған. Арнайы операцияға авиация, оның ішінде Ресей әуе күштері тартылған. Бұдан бұрын содырлар қаруын тастап, Идлиб ауданындағы деэскалация аймағына өтетіні хабарланған еді. Алайда, «Ислам мемлекеті» ұйымының өкілдері мұндай ақпаратты жоққа шығарып, іле-шала әскери операция басталып кетті. Ал, Біріккен Ұлттар ұйымы Ярмуктегі азаматтардың тағдырына алаңдап отыр. Халықаралық ұйымның дерегінше, босқындар лагерінде 12 мыңға жуық палестиналық бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!