Алматылық әйел отадан кейін көз жұмған баласы үшін дәрігерлерді айыптады
Алматыда 1 жарым жасар сәби отадан соң комаға түсіп, көз жұмды. Екі жақты шап жарығы деген диагнозбен жеке ауруханада жатқан Миронның өміріне дәрігерлер араша түсе алмаған. Ата-анасы болса, баланың денсаулығына бей-жай қараған дәрігерлерді кінәлауда. Себебі, 3 апта комада жатқан балаға ем таба алмапты. Ал, медицина мамандары комиссияның тексерісі аяқталмайынша жауап беруден бас тартып отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.04.2018
Бұл Миронның ауруханаға түсердің алдында егізімен үй ішінде асыр салып ойнаған кезі. Осыдан бір ай бұрын анасы Миронмен бірге екі жақты шап жарығы деген диагнозбен жекеменшік «Достар Мед» ауруханасына жатады. Артынша, ақ халаттылар сәбиге ота жасаған. Анасының айтуынша, отадан соң баланың жағдайы күрт нашарлапты. Түрі бозарып, мұрнынан көбік ақты дейді. Сол сәттен бастап Мирон 3 апта комада жатып, 24 сәуір күні жан тапсырды.
Росина Павлова, Миронның анасы:
-Маған хабарлап айтқан да жоқ. Мен жоқ кезде, анам емханада болған еді. Хабарласып, "жүрегі тоқтап қалды, олар алып кетті" деді. Келсем, балам жоқ, маған көрсетпейді, полиция шақырмаған. Бірден мәйітханаға жөнелтіпті.
Қайғыдан қан жұтқан ана бүгін тағы да ауруханаға келді. Әділдік керек деген ол, кінәлілерді жазалау үшін соңына дайын барамын деп отыр.
Росина Павлова, Миронның анасы:
-Дәрігерлерді мәйітханада көрдім. Маған бір ауыз сөз айтқан жоқ.Олардың менің рұқсатымсыз мәйітханаға апаратын қандай құқығы бар. Мен әділеттік орнағанын қалаймын.Анестизиолог кінәлі.Осы клиниканың дәрігерлерін жазалау керек.
Жекеменшік клиника болса мән-жайды түсіндіруге дәрігерді емес, күзет бастығын жіберді.
Енді Миронның ата-анасы тәуелсіз сот-медициналық сараптамасын жүргізбек. Баланың өлімін анықтау үшін мәйітін сойғызуға да келісім беріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!