Ерлан Сағадиев: 200 мектеп жетпейді
Еліміздің жоғарғы оқу орындары оқу ақысын енді өздері белгілеуі мүмкін. Университеттерге осындай құқық беретін заң жобасын бүгін мәжілісмендер мақұлдап берді. Есесіне, сапасыз білім ошақтары қысқарып, грант саны көбеймек. Әрі ұлттық біріңғай тестілеуге биыл тағы өзгерістер енгелі жатыр. Осы сынаққа қызу дайындалып жатқан ұл-қыздарға Білім министрі мамандық таңдауда қателспес үшін кеңес берді.
Автор: Досжан Маратұлы
25.04.2018
Білім министрінің бүгін жұмыс кестесі тым қауырт. Ерлан Сағадиев алдымен Мәжіліске екі заң жобасын алып келді. Біріншісі - саны көп, сапасы жоқ университеттерді қысқартуға мүмкіндік береді. Ал, екінші құжат ауыл мен қала мектептерін теңестіруге арналған. Ол үшін Дүниежүлік банктен 67 миллион доллар қарыз алу қажет. Шенеуніктер бұл ақшаға 5 жарым мыңға жуық мектепті компютер, электронды тақта секілді мультимедиалық құрал-жабдықпен қамтимыз дейді. Және қарыз қаржыға ұстаздардың біліктілігін арттырмақ. Бірақ, депутаттар Сағадиевтің бұл жоспарын түсінбеді. Өйткені, мұғалімдердің түрлі курсына бюджеттен онсыз да миллиардтар бөлінеді екен.
Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты:
-Кадрлардың тұрақтамауы – алатын қарыз қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғуы мүмкін. Неге қарыздың республикалық бюджетте қарастырылған бағыттар бойынша алып отырсыздар? Педагогтардың біліктілігін арттыруға жыл сайын шамамен 5,3 миллиард теңге немесе 16 миллион доллар жұмсалады.
Сондай-ақ, Білім министрі университеттер оқудың жылдық құнын өздері белгілесін деп отыр. Қазір ақылы бөлімдерде баға мемлекеттік гарнттан қымбат болмау керек деген талап бар екен. Енді министрлік осы норманы заңнан алып тастамақ. Сонда, оқу құны шарықтап кетпей ме деген сұраққа Сағадиевтің жауабы мынадай:
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Әрине, Университет бағаны өсіретін болса, оған нақты себептер болуы керек. Құнды тектен тек көтеруге жол жоқ. Оның үстіне жоғарғы оқу орнының бағасы тым қымбат болса, онда кім барғысы келеді? Әрі білім мекемесі қажетті студенттерді жинай алмаса, ол жабылады. Сондықтан оқу бағасын өсіру оларға тиімсіз.
Мына жиын халық алдында министрдің есеп беру деп айтылғанымен, жиналғандардың дені ұстаздар мен студенттер. Кейбірі баяндаманы қажет қылмай, қалың ұйқыға кеткен. Сондықтан болар, ҰБТ кітапшаларындағы қате сұрақтар, ақша жинау секілді даулы мәселелер көтерілген жоқ. Тек, бір ата-ана үш ауысымды мектептердің қашан жойылатынын сұрады.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Қазір балалардың саны өсуде. Екіншіден, халық ауылдан қалаға көшіп жатыр. Енді бізге 100-200 мектеп жыл сайын салу керек. Сонда үш ауысымды мектептер азаяды. Әзірге Үкіметтің қаржы жағдайына байланысты бәрін салу мүмкін емес. Менің ойымша, 5-6 жылдың ішінде осы мәселе толығымен шешіледі.
Сағадиев, білім саласындағы жаңалықтармен де бөлісті. Айтуынша, биыл ҰБТ форматы өзгермейді. Тек, тестілеуден соң берілетін құжаттар тағы бір қағазбен толығады екен. Онда қай университетке қанша грант бөлінді, қай мамандыққа сұраныс көп деген секілді ақпараттар жазылмақ.
-Сағадиевтың айтуынша, мұндай мәлімет талапкердің университет таңдауда қателеспеуі үшін қажет. Ал, мамандық таңдауда шатаспау үшін министрдің өзі ұл-қыздарға кеңес берді. Айтуынша, елімізде қазір барлық кәсіп түрі сұраныста екен. Сондықтан қайсысын оқимын деп бас қатырудың қежеті жоқ дейді министр. Әрі биыл университеттерге тағы 20 мың грант бөлінбекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!