Тау көшкінінен соң Көлсайдың кәсіпкерлері шығынға батты
Сәтсіз басталған туристік маусым! Көлсайдағы көшкін ондаған кәсіпкердің жұмысын тұралатып қойды. Жолды басқан таудың кесірінен Ұлттық парктегі демалыс орындары мен туроператорлар қазірдің өзінде қыруар пайдадан қағылған. Тіпті, көрікті Көлсай көлдеріне барар жол жаз ортасына дейін жабық болады деген болжам бар. Сондықтан, ішкі туризм өкілдері тығырықтан шығар жол іздеп әлек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.04.2018
Күн жылынған бойда, жұрт Көлсайға ағылады. Себебі, көрікті мекен қаладан қатты алыс емес. Ең бастысы, бағасы қолжетімді. Бірақ, биыл сұлу табиғатқа саяхаттауды жоспарлағандар арманда қалып отыр. Ал, Ұлттық парктегі 30-ға жуық демалыс орны мен жұртты тасымалдайтын туроператорлар мол пайдадан қағылуда.
Артем Чай, туристік компания директоры:
Былтыр осындай уақытта Көлсайға аптасына 200 адамға дейін апаратынбыз. Биылғы маусымға да әбден дайындалып едік. Мына көшкін демалыс орындарына да, бізге де үлкен шығын әкеліп отыр.
Көлсайдағы демалыс орындары қаңырап бос қалған. Тосын жағдай тығырыққа тіреген ішкі туризм өкілдері болса, демалушылар үшін басқа балама іздеп, бас қатыруда. Алайда, өзге жерлердің инфрақұрылымы Көлсайдікіндей дамымапты. Болжам бойынша, Ұлттық паркке барар жол жаз ортасына дейін жабық болады. Шенеуніктер мәселенің шешімін табу үшін басқа жол салу мәселесін қарастыруда.
Бек Әбдіманов, Кеген ауданы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің маманы:
-Қазір бұл жағдай жан-жақты қаралып жатыр. Оқиға орнында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Егер мамандар мақұлдаса, тау етегіне екі көпір салынады. Жаңа автокөлік жолы да пайда болуы мүмкін.
Оның құрылысына қаржы төтенше жағдайларға арналған қордан бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл жеткіліксіз болса, бюджеттен қаралмақ. Әлі де пысықталып жатқанына қарағанда, жаңа жолдың құрылысы ұзаққа созылатын сыңайлы. Оның үстіне, көшкін қаупі әлі сейілмеген. Бүгін сырғыманың қозғалысы тоқтағанымен, бұлтты аспан құтқарушыларды аяқтан тік тұрғызды. Нөсер жаңбырдан таудың қайта жылжу қаупі жоғары.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
Қазір ауданда аспанды бұлт торлап, жауын-шашын күтілуде. Дегенмен, елдімекендерге еш қауіп жоқ. Жедел-оперативті штабтың жұмысы өз кезеңімен жалғасуда. Жағдай жіті бақылауда.
Облыста ертең де жауын жаууы ықтимал. Тіпті, синоптиктер күшті жел тұрады деп отыр. Ал, опырылған таудың қалған бөлігі босап тұр. Оның қашан құлайтынын ешкім білмейді. Тау тағы көшсе, төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы қиындай түспек. Өйткені, қазірдің өзінде опырылған жердің көлемі 50 миллион текше метрді құраған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!