Астанада алаяққа алданған 117 студент оқудан шығып қалды
Алаяқ алдап соққан. Астанадағы медициналық университеттің оқудан шығарылған студенттері алаяққа ұрынғандарын айтып зар қағып отыр. Білдей жоғары оқу орнынан бұл 117 студенті жалған сертификатпен оқуға түскені анықталып, түгел шығарылған болатын. Полиция қазір іс қозғап, тергеу жүріп жатыр. Ал бұл былықтан шошыған Білім министрлігі енді елдегі 130 жоғары оқу орнын түгел тексермекші.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.04.2018
Студенттердің өздерімен сөйлесе алдыңдар ма? Олар сертификатты сатып алмағанын қалай дәлелдемек?
Олар тек студенттер емес. Магистратураға түскендері де бар. Ешқандай ескертусіз аяқасты оқудан шығып қалдық деп шырылдап жүр. Барлық құжат өз тәртібімен тапсырылса, бұндай болмас еді. Ал олар алаяққа ұрынған екен. Қолында көз сендіретін құжаттары бар әйел талапкерлерге өзі хабарласыпты. «IELTS-тың» оқуға түсерде қандай көмек беретінін жақсы білетін талапкерлер соған сеніп, тест тапсырып, сертификат алған. Біз тілдескен екі қыз тап сондай жағдайға ұрынған екен. Енді сол ісіне өкініп отыр.
Венера Алматова, Астана медициналық университенінің бұрынғы магистранты:
-Оқу орны да тексермеген, біз де жапа шегіп отырмыз. Бізге хабарласқан әйелдің қолында мұғалімдердің қолы қойылған сертификаттар мен бізді сендіретіндей барлық құжаттары болды. Сол тест тапсырып, сертификатты сол әйелден алғанбыз.
Олар енді оқудан шыққаны былай тұрсын, 117 студент мемлекеттік грантты пайдаланғаны үшін миллиондаған ақшаны мемлекетке қайтару керек. Ал университет табалдырығын қайта көру бұйырмайын деп тұр. Университет оларды әй-шайға қарамастан сабақтан қуған. Яғни, заңсыз жолмен оқуға түскендерін білген бойда әуелі 33 студентті, ал осыдан бірер күн бұрын қалған 84-ін оқудан босатқан.
Франц Галицкий, Астана медициналық университетінің проректоры:
-Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша біз қалған 84 студентті оқудан шығардық. Осыған байланысты, мемлекеттің оларды оқытуға жұмсаған шығындарын түгел қайтаруы керек. Біздегі студенттердің барлығы грантта. Тек 9-ы ғана ақылы негізде оқиды.
Жақсы, студенттер жайы түсінікті делік. Ал оқу орны енді қайтпек? Жалған құжатты неге қабылдаған?
Білім ошағының қазір басына қазір қара бұл төніп тұр. Дауға қалған «Астана» медициналық университеті денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Енді Білім және ғылым министрлігімен бірге университеттің ендігі тағдырын талқылап жатыр. Яғни, қатаң шешім қабылдап, университетті жауып тастауы да мүмкін. Айта кетсек, Білім және ғылым министрлігі тексеруді былтыр жүргізген. Анықтай келсе, ағылшын тілінен тест тапсырып, «айлтс» сертификатын иеленген 117 студенттің құжаты өтірік боп шығыпты.
Астана қалалық ішкі істер басқармасы «IELTS» халықаралық сертификаттарын қолдан жасау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта солардың 27-сі бойынша іс сотқа жолданып, сот шешімі шығып қойған. Қалған 90-ға тарта іске қатысты әлі тергеу жүруде.
Талғат Сырлыбаев, Сарыарқа аудандық сотының судьясы:
-Сот қылмыстық істер бойынша шешім қабылдарда жазаны жеңілдететін жағдайларды ескерді. Оларға 25-тен 300-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Соның тек ең төменгі көрсеткіші ғана қолданылды.
Осы жағдайдан кейін Білім және ғылым министрлігі елдегі бүкіл жоғары оқу орындарын шұғыл тексеруге кірісетіндерін мәлімдеді. Сонымен бірге, оқуға түсетіндердің сертификаттарын да жіті тексеру басталмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!