Сенаторлар банктерді қолдауға бөлінген қыруар қаржының тиімді жұмсалып жатқанына күмән келтірді
Осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерді құтқару үшін қазынадан 3 триллион теңгеден астам ақша бөлінген. Бірақ, қайтарым жоқ. Сондықтан депутаттар Ұлттық банк төрағасын тағы сұрақтың астына алды.
Автор: Досжан Маратұлы
26.04.2018
-Сонымен, қолда барды ұқсата алмай отырған коммерциялық банктерге Ұлттық банк қандай шара қолданған?
Президенттің сынынан соң бас банкир бюджеттің әр тиынының есебін түгендеуге мықтып кіріскендей. Бұл мәселе сенаторларды да қатты толғандырып отыр. Сондықтан бас Ақышевты әбден қыспаққа алды.Өйткені, екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін бюджет пен Ұлттық банктен бөлінген қаржының көлемі тым көп. Бұл ақшаға банктер несие таратып, еліміздің қаржы секторын жандандыруы керек еді. Бірақ, бұған халық қалаулыларынң күдігі басым.
Сергей Плотников, Сенат депутаты:
-Осы уақытқа дейін банк секторын жандандыру үшін 3 триллионнан астам ақша бөлінген. Осыған орай сұрақ туындайды. Банктерге қыруар қаржы құйғанымыздан қандай пайда болды? Ақша тиімді жұмсалды ма?
Бас банкир тосылып қалмады. Жауапты қысқа қайырған Данияр Ақышевтың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Ақша бекерге ысырап болмаған. Яғни, банктер оны алдағы 15 жылда мемлекетке әр тиынына дейін толық қайтарып беруі тиіс.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:
-Акционерлер өз міндеттерін біледі. Олар бюджеттен алған ақшаның бір бөлігіне соңғы 10 жылда қайтарылмай жатқан несиелерді жабуы тиіс. Бұл несие мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Оның үстіне банктер мемлекеттен алған ақшаға орта және шағын бизнесті қаржыландырып, жеке тұлғаларға ақша беріп жатыр.
Бұған дейін мемлекет басшысы да екінші деңгейлі банктерді қатаң сынға алып, бұдан былай оларға көмек ретінде ақша бөлінбейтінін айтқан еді. Өйткені, қаржы ұйымдары бөлінген триллиондарды несие ретінде таратудың орнына, басқа жобаларға құйып, тіпті депозитке салып пайда тауып отырғандарын айтқан. Бір айта кетерлігі қазір Данияр Ақышев дауға қалған банк басшыларымен келісім жүргізіп, олардың ендігі тағдырын талқылап жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!