Отарда бұрын соңды болмаған әскери шеруге әзірлік қалай жүріп жатыр?
Мерекелік "майдан"! Бүгін «Отар» әскери базасында Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік шерудің дайындығы пысықталды. Биыл шарада еліміздің әр өңірінен іріктелген 3 мыңға жуық сарбаз сап түзейді. Және де 300-ден астам әскери техника мен әуе кемелерінің ұрыс алаңында мүмкіндіктері көрсетіледі. Осылайша, 7 мамырда арнайы іріктелген əскери құрам қарулы күштеріміздің қауқарын паш етпек.
19.04.2018
Тактикалық, жаяу жасақ, әуе күштері деп жеке-жеке дайындалған сарбаздар бүгін «Отардың» 40-шы әскери базасында жиналды. Ең алдымен, әр өңірден сайдың тасындай іріктелген сарбаздары сап түзеп, шеберліктерін көрсетті. 20 күннен бері таңның атысы кештің батысы тыңғылықты дайындалған 3 мың жауынгер мерекелік шарада сақадай сай боламыз деп отыр.
Жәнібек АБДУЛОВ Құрлық әскери институтының кіші сержанты:
-Осындай шеруге қатысқаныма қуаныштымын. Барлық даярлығымызды 7 мамырда көретін боласыздар. Ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Дайындық жоғары деңгейде өтті.
Әскер ЖҰБАТОВ аға барлаушы:
-Әскери техникалардың жаңа түрлерін игеріп, қолданып жатырмыз. Барлық әскери қызметкерлер парадтың жоғары деңгейде өтуіне күндіз түні еңбектеніп, ат салысып жатырмыз.
-Менің ту сыртымда 300 әскери техника, яғни зеңбіректер мен танкілер де дайындықтарын пысықтап жатыр. Ауыр техникалар орнында тұрып емес, жылжып жүріп 800 метр қашықтықтағы нысананы дәл көздеп ату керек. Зеңбіректердің құлақ тұндырар үні мен атылған оқтары сынақ алаңын ұрыс алаңына айналдырды.
Ал, жоғары жазықта тұрған зымырандардың да өз міндеті бар. Ол "смерч", "прима" және тағы да басқа бронды техникалардың көзін құрту. Әскердегі жабдықталған қару-жарақ пен техниканың іс жүзінде қолданылуын көрсету үшін жасырынған жау əскерін жою көрінісі де көрсетілді.
Жақсылық Оразбаев, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшысының орынбасары:
-Әскери парадқа алғаш рет отандық "Арлан" броньдалған көлігі қатысады. Мина атқыштар, квадрациклдер, дрондар, байланысты бұғаттау мен тосқауыл жасау қондырғыларын халық көре алады. Өкінішке қарай, бұлтты күнге байланысты аспанда қалықтап ұшатын әскери тіұшақтар мен ұшақтардың өнерін көре алмадық.
7 мамырда өтетін жауынгерлік шеруде Қарулы Күштеріміздің қауқары мен мүмкіндігі халыққа паш етілмек. Айта кетейік, мерекелік шара Отар əскери базасында осымен екінші рет өткізілгелі отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!