Құрылыс алаңына баласын тастап кеткен оралдық келіншек сәбиін қайтарып алатын болды
Аналық құқынан былтыр желтоқсанда айырылған Зарина Досмұхаметова осы кезге дейін аналық мейірімі қайта оянғанын дәлелдепті.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.04.2018
Яғни, 21 жастағы келіншек осы уақыт аралығында жетімдер үйіндегі сәбиін көру үшін жиі келіп тұрған. Өрескел тәртібімен көзге түспеген. Енді сот шешімі күшіне енгесін бала анасына қайтарылады. Айта кетейік, былтыр жазда Орал қаласындағы құрылыс алаңынан құндақталған, қараусыз шақалақ табылған-ды. Кейін оның анасы Заринаның күйеуімен ұрысқаннан осындай қадамға барғаны белгілі болды. Ол «қауіпті жағдайда қалдырды» деген баппан айыпталып, сот шешімімен аналық құқынан айырылған болатын. Әйтсе де, кейін жас ана ашумен қылған ісіне өкінетінін білдіріпті.
Альфия Дунекова, қалалық білім басқармасы Балалардың құқығын қорғау бөлімінің маманы:
-Балаға керек-жарақтың бәрін әкеліп отырды. Сосын талап бойынша барлық құжаттарды жинап, баласын қайтаруға өтініш өткізді. Өзінің өкінгенін айтты. Осы қателігін енді қайталамайды деп үміттенеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!