Павлодарда марқұмды айдалаға жалғыз жерлеп кеткендер жауапқа тартылмақ
Павлодарда саяжай аумағынан жалғыз жатқан мола табылды. Мұны көрген тұрғындар енді онда көкөніс егу түгілі, жолауға қорқып отыр. Полицейлер болса, онда жерленген адамның осы қаланың тұрғыны екенін анықтаған. Ер адам биыл қаңтарда өз-өзіне қол салып, көз жұмған екен. Оны саяжай аумағына туыстары жерлеп кетіпті.
Автор: Әйгерім Шакаманова
26.04.2018
Саяжай аумағынан қабірді алғаш көрген тұрғындар шынымен де шошып қалғандарын айтады. Қар еріп, жер жібісімен мұнда отбасымен келген Қорлан Уақпаева әсіресе балалар қорқып кетті дейді. Саяжайға жылда көкөніс егетін ол мұнда адам жерлеу барып тұрған бассыздық деп санайды.
Қорлан Уақпаева, саяжай иесі:
- Саяжайға балалармен келемін. Қабірді көргенде бәріміз шошып қалдық. Қалай ғана саяжай аумағына адам жерлеуге болады? Ол үшін арнайы зират бар емес пе?
Бұл жайтқа саяжай басшылары да аң-таң. Олар енді аумаққа көкөніс егу түгілі, жолауға қорқып отыр.
Владимир Смирнов, «Яблонька» бау-бақша қоғамының төрағасы:
– Мәйіттің мұнда нақты қайдан жеткізілгені және қалай жерленгенін білмейміз. Бұл аумақты енді түгел өңдеу керек шығар. Дым болмағандай жеміс-жидек, көкөніс еге салу қауіпті деп санаймын.
Іске араласқан полицейлер болса, марқұмның шаһарға қарасты Кенжекөл ауылының тұрғыны екенін анықтаған. Ер адам өз-өзіне қол салып, көз жұмған. Қабірдің басындағы тақтайшаға қарағанда, ол биыл қаңтарда мұнда мұсылмандар рәсімімен жерленген. Дәл осы саяжай маңында арнайы зираттың орналасқанын айта кетейік. Ал мына жалғыз молаға қатысты тексеріс жүргізген полицейлер ер адамның өліміне байланысты күдік тудыратындай ештеңе таппапты.
Баян Мағзұмова, Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысы:
- Ер адамның өліміне қатысты «Өзiн-өзi өлтiруге итермелеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның денесі 1-ші қаңтар күні Кенжекөл ауылындағы үйлердің бірінде табылған. Бұдан соң сот-медициналық сараптама жасалды. Қылмыс құрамының анықталмауына байланысты іс тоқтатылды.
Осылай деген тәртіп сақшылары енді ер адамды заңсыз жерлегендер жауапқа тартылуы мүмкін екенін жеткізді.
-Қыста көз жұмған ер адамның өзі 29 жаста болған. Марқұмның өз-өзіне қол салуына не себеп болғаны сол күйі белгісіз. Ал оның туыстарымен сөйлескен жергілікті атқамінерлердің айтуынша, олар мәйітті мамырдың соңына дейін саяжай аумағынан әкетіп, қайта жерлеуге уәде беріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!