Астанада медициналық университет төңірегіндегі дауға қатысы бар күдіктілер анықталды
Астаналық студенттерді алдап соқты деген күдікпен екі адам анықталды. Ағылшын тілінен «айлтс» халықаралық сертификатының жалған үлгісін жүзден аса студентке қалай жасап бергенін анықтау үшін полиция тергеу шараларын жалғастырып жатыр. Күдіктілердің Астана медициналық университетімен қандай байланысы бар? Тергеу қорытындысы оны да анықтайтын болады. Ал грантта оқып, мемлекеттің миллиондарын қайтарып беруге міндеттелген студенттер зар қақсап қалды. Олар бұл былықтың бәріне университеттің өзін кінәлап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.04.2018
Астана медициналық университетінен қапыда шығып қалғандардың бірі аты-жөнін атап, бет-жүзін көрсетуге қарсы болды. Өзінің айтуынша, университет мемлекет грантын пайдаланғаны үшін 5 миллион теңге қарызды мойнына іліп берген. Бірақ ол осы былықтың бәріне білім мекемесінің өзін айыптайды.
-2017 жылдың қыркүйектің 26-сы күні деканаттан қоңырау шалып «IELTS» сертификат жалған екенін айтты. Бірақ құжат тапсырған кезде қабылдау комиссиясы қайда қарады? Неге сол кезде жалған екенін тексеріп, бізге айтқан жоқ?
Резидентура ғана емес, миллиондаған қарызды грантта оқыған қалған 116 магистрант пен докторанттардың бәрі де өтеу керек. Өйткені, айлық шәкіртақыларының көлемі қарапайым жұмысшылардың жалақысынан кем емес.
Ернар Тұрсынбет, Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деканы:
-Ай сайын резидентура, магистратура бойынша білім алушыларға 61 561 шәкіртақы төленеді. Доктарантурада оқитын білім алушыларға 81 998 теңге шәкірақы төленеді. Одан бөлек, ай сайын оқуға магистратураға 65 мың теңге, резидентурада 67 мың теңге және доктарантурада 120 мың теңге тұрады.
Ал полиция бұл былыққа қатысты екі күдіктіні анықтапты. Бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушылары да болуы әбден мүмкін. Өйткені, университеттің магистратурасына түсуге көмектесетіндерін айтып, талапкерлерге өздері хабарласқан. Ал оқу орны басшылары олардан түк хабары жоқ екенін айтып айдан түскендей болып отыр.
Мәжит Шайдаров, Астана медициналық университетінің ректоры:
-Бір әйел деп айтты. Ол қандай әйел, неғылған әйел? Біреулері көшеде жолықтырдым дейді, біреулеріне өздері хабарласқан. Менің ойымша, студенттер бәрін ашып айтпай отыр.
Әзірге Астана қаласының Ішкі Істер департаменті тергеу құпиялылығын желеу етіп күдікке ілінгендердің атын атап, түсін түстеген жоқ. Айта кетсек, Білім және ғылым министрлігі 117 студенттің жалған құжатпен оқуға түскенін былтыр анықтаған болатын. Олардың университетке тапсырған ағылшын тілінен халықаралық «IELTS» сертификаттары жалған боп шыққан.
-Бүгінде медициналық университеттің лицензиясы 6 айға уақытша тоқтатылған. Осы аралықта білім ошағы бүкіл заңға қайшы әрекеттерін жөнге келтіру керек. Ал оқудан қуылғандар университетке қайтадан құжат тапсыр ала алғанымен, олар үшін мемлекеттік грант көзден бұлбұл ұшты. Қазіргі уақытта солардың 18-і адвокат жалдап, сот арқылы грантын қалпына келтіруге тырысып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!