Ақтөбе қоқысқа көміліп жатыр
Қалдықтарды дер кезінде тазаламайтын коммуналдық мекемелерді тұрғындар сотқа берген. Халықтың арызын тыңдаудан шаршаған әкімдіктегілер де қалыспай прокуратурадан қоқыс шығаратын компаниядарды жауапқа тартуды өтініпті. Әйтсе де, комуналдық мекемелердің өз уәжі бар. Олар тазалық үшін бөлінген ақша еңбегімізге тұрмайды дегенді айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.04.2018
Еліміздің батысындағы жасыл қала атанып келген Ақтөбе қазір лас қалаға айналған. Көшеде шашылған қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Өйткені комуналдық мекемелер ауладағы қоқысты апталап шығаруды қойды деп ашынады тұрғындар.
-Жел болған кезде қоқыстар ұшады. Көңілім толмайды.
Тұрғындар қоқысты айтып әлеуметтік желілерді де толтырған. Белсенділері сотқа арыз түсіріпті. Бірақ әзірге одан тазарып кеткен Ақтөбе жоқ. Енді комуналдық мекемелерді жауапқа тарту туралы әкімдіктің өзі шағымданыпты. Шенеуніктер қаланы тазартуға қауқарсыз екендіктерін өздері мойндайды.
Әлібек Серікбаев, Ақтөбе қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Әкімдіктің құқық қорғау органына арыз жазуға тура келді. Осы жағдайға прокуратура да өз бағасын берсін. Бізге шағымданып жатқан тұрғындар жетерлік. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, жұрттың қоқысқа қатысты әңгімесі көп.
Комуналдық мекемедегілердің де өкпесі қара қазандай. Қоқыс тазартудың оңай жұмыс емес екенін айтады. Бірақ ол еңбегіміз бағаланбай отыр деп налиды. Соңғы рет қоқыс шығаруға тарифтің қашан көтерілгенін ұмытып қалыпты.
Динара Жаналина «Ақтөбе таза қала» ЖШС баспасөз хатшысы :
-Қазір қоқыс шығару үшін адам басына айына 105 теңге аламыз. Бұл – Қазақстан бойынша ең арзан тариф. Мұндай бағамен мекеме жұмысшыларының еңбегі ақталмайды.
-Қазір қала бойынша қоқыс шығарумен жалғыз компания айналысады. Олар тарифті үш есе көтеруді талап етіп отыр. Ал екінші мекеме ешкімге ескертпестен қызметін тоқтатқан. Енді шенеуніктер өзге комуналдық мекемелерді іздеп жатыр. Он шақтысымен келісіп те қойыпты. Олар жұмысқа кіріссе көшеден бір тал қылды да таба алмайсыз деп сендіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!