Астана маңында "тұтқында" қалып қойған ауыл жұрты шу шығарды
Ауылға кірсең, шыға алмайсың! Астана маңында Жібек жолы ауылының тұрғындары «тұтқында» қалып қойғандай күй кешуде. Шенеуніктердің жолды дұрыс жоспарламауынан жүздеген адам күнде қалаға жұмысқа бару үшін бірнеше шақырым жерді құрдан-құр айналып жүруге мәжбүр.
Автор: Досжан Маратұлы
27.04.2018
Бұл Елордадан небары 10 шақырым жердегі Жібек жолы-4 ықшам ауданы. 300-ге жуық тұрғыны бар. Үлкендер жұмысқа, студент, оқушы ұл-қыздар сабаққа күнде қалаға барады. Бірақ, былтыр автобан салынып, "Қарағанды-Астана" трассаның ортасына мынадай темір қойылғалы жұрттың жүріп тұруы қиындаған.
-Бұл ауылға кіріп шығатын жалғыз жол. Ал, Астана мына жақта. Бірақ, бас қалаға бағыт алған жұртқа, жол белгісінен көріп тұрғандарыңыздай тек оңға бұрылуға рұқсат. Сондықтан тұрғындарға арғы жақпен айналып жүруге тура келеді.
Болат Қалиев, Жібек жолы-4 ауылының тұрғыны:
-"Жалтыр көл" деген жерге қарай жүреміз. Жалтыр көлден бұрылып, бері қарай келу 5 шақырым, бару 5 шақырым. Сонда 10 шақырым. Ал, Астанаға мына жерден 9 шақырым ғана. Постқа дейін. Сонда қалаға 19 шақырым жүріп барамыз.
Көлігі барлар 10 шақырымды құрдан-құр жүрсе, жоқтары келесі бетке өтіп автобусқа міну үшін осылай қауіпті жолдағы темірді аттап өтуге мәжбүр. Ашулы жұрттың айтуынша, жолды дұрыс жоспарламаған атқамінерлердің шалағайлығы мұнымен бітпейді. Әрі дәл осы елді мекеннің бойынан ақылы жолдың терминалы салынып жатыр. Енді жұрт Астанаға бару үшін күнде ақша төлейміз бе деп қорқады.
-Өйткені, автобанды айналып кері қайтқанда шлагбаумға тап боласыз. Бірақ, оның құрылысы әлі жүріп жатыр.
Жанар Жұртыбаева, Жібек жолы-4 ауылының тұрғыны:
- Бармаған жеріміз жоқ. Сотқа бердік. Сонда «Қазавтожолдың» өкілінен сұрадық. Астанадан келе жатқанда жол бар бізге, ал шығатын жол жоқ, деп. Ешқандай жауап бере алмады оған.
Тұрғындарды «тұтқында» қалдырған «Қазавтожол» мекемесі жұртпен үндемес ойынын ойнауға көшкендей. Есесіне, ауылға қарайтын аудан әкімдігі мәселеден хабардар. Айтуынша, жұртқа айналып жүрмейтіндей, бөлек жол салынады. Жоспар, сметалық құжат барлығы дайын. Тек, шаруаға қажетті қаржыны күтіп отырмыз деп ақталып отыр.
Әділбек Ыбыраев, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:
-Мамыр айында бюджет қаралады. 9 миллион 900 мың бөлінеді. Сол ақшаға маусымның кезінде сол жолды істейміз деп ойлап отырмыз.
-Тұрғындар ақша төлемейді ғой?
-Тұрғындар ақша төлемейді. Сол жолмен бұрылып, сол жермен Астанаға кете береді.
Бірақ шағымданушылар бұндай сырғытпа жауапты талай есіткендерін айтады. Осыған қарағанда,ауыл жұртына әлі біраз уақыт жол азабын тартуға тура келетін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!