Алматыда тал-теректі зиянкестер жайпап жатыр
Алматының саябақтары санаулы жылда жайқалған тал-терегінен айрылып, тақыр алаңға айналуы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан ғалымдар, қаладағы жасыл-желек талшынның күйе көбелегі, еменнің үңгі жəне қарағаштың иректі егеуішінен қатты зардап шеккенін айтады. Ал, жыл сайын зиянкестерге қарсы миллиондаған қаражат жұмсалғанмен, əзірге нəтиже болмай тұр дейді өсімдік қорғаушылары. Тіпті, саябақтарға шашылатын улы химикаттар қала тұрғындарының денсаулығына кері əсерін тигізіп жатыр дейді олар.
02.05.2018
Ғалымдар дабыл қаққан мəселенің қазіргі көрінісі дəл осындай. Талай ғасырдың куəсі болуы мүмкін Алматының саябақтарындағы мына емен ағаштары егеуіш зиянкестерден қатты зардап шеккен. Жапырақтары қурап, сидиған бұтақтары кеуіп кеткен. Егер тез арада шара қолданбаса, санаулы жылдар ішінде қаланың жасыл-желегі құрып бітеді дейді ғалымдар.
Алматының əрі мен сəнін келтірген емен біткеннің жапырағын қырқып, қырғидай тиген осы зиянкес. Энтомолог Нұрсағым Ашықбаевтың айтуынша, жапырақты ішінен үңгіп жейтін егеуішке, ешбір улы химикат əсер етпейді екен.
Нұрсағым Ашықбаев, биология ғылымдарының докторы:
-Кірме зиянкестердің қатарына жатады. Бұлардың зиянкестігі соншалық, осыдан екі жыл бұрын Бішкекте 90 процентке дейін еменді зақымдаған. Сол сияқты былтыр бізде қаланың ішінде 70, кей жерде 90 пайызға дейін жапырақтарын жеп қойған.
Ғалымдардың айтуынша, қаладағы жасыл-желектің жауына айналған зиянкестің 20-ға жуық түрі бар. Барлығы өте қауіпті. Бірақ, өсімдік қорғаушылары саябақтарды улы дәрімен аластауға түбегейлі қарсы. Себебі, түрлі химикаттар тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді деген олар, апатқа биологиялық тәсілмен қарсы тұруымыз керек дейді.
Абай Сағитов, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры:
-Барлығын ұстап алуға болады. Сосын пайдалы жәндіктер бар. көп. Соларды көбейтіп жатырмыз. Алматыда, Шымкентте биофабрикалар бар. Соларды көбейту керек.
Қаланың сұлу көркін сақтауды серт еткендер, зиянкестермен күресу үшін тегін көмек көрсетуге әзір екенін айтады. Тіпті, бастамашыл топ қалалық әкімдіктің есігін қағып, базынасын жеткізген. Бірақ, жергілікті шенеуніктер ғалымдардың ұсынысын қуана қолдағанмен, ауқымды істің қашан басталатыны белгісіз. Ал, сәт санап қураған жасыл-желектің орны, күні ертең тақыр алаңқайға айналмасына ешкім кепілдік бермейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!