Таразда судья жарты миллион теңге парамен ұсталды
Жамбыл облысында соттардың беделін нұқсан келді. Тараз қалалық №1 сотының судьясы 650 мың теңге парамен ұсталды. Бұл соманы фемида өкілі қандай қызметі үшін және кімнен алғанын осы өңірдегі тілшіміз Руслан Әбдіхалықтан сұрап білейік.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.05.2018
-Сонымен судья бұл ақшаны не үшін алған?
Бұл хабардың Жамбыл өңіріндегі судьялардың төбесінен жай түсіргендей болғаны анық. Жалпы осы жағдайдың қашан болғаны белгісіз. Бірақ ақпарат бүгін тарады. Онда Тараз қалалық №1-ші сотының судьясы жеке тұлғадан мүлік бөлісу туралы азаматтық іс бойынша орындау хатын бергені үшін 650 мың теңге алды делінген. Алайда ,судья қылмыс үстінде ұсталды ма, ол жағы да әзірге белгісіз. Әдеттегідей тергеу құпиялығына байланысты көп мәлімет айтылмай жатыр. Белгілісі, күдікті қалалық сотта 3-4 жыл көлемінде қызмет атқарған.
Дидар Түкібаев, Жамбыл облыстық сотының баспасөз хатшысы:
-Тараз қалалық соты судьяның ұсталу фактісіне байланысты оның іс-әрекетіне қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар –жоғына тексеру жүргізуде. Сомымен қатар азаматтық істі тексеру барысында атқару парағы оқиға болған кезден біраз уақыт бұрын жазылғаны анықталған.
Сондай-ақ, таратылған мәліметте күдікті кінәсін толық мойындады делінген. Бірақ облыстық соттың баспасөз хатшысы оның кінәсін мойындады деп асығыс атылған дейді. Яғни судья өзінің ұстанымын әлі білдірмепті. Бұл жағдай оның әріптестерін таң қалдырды десек те, Таразда судьялардың шатылуы бірінші мәрте емес. Осыдан үш жыл бұрын қалалық соттың судьясы 200 мың теңге парамаен ұсталған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!