Алматыда пауэрлифтингтен айтулы дода басталды
Күштілер бәсекесі!Алматыда мереке қарсаңында пауэрлифтингтен Азия біріншілігі жалауын желбіретті. Дүбірлі додада сарықұрлықтың үздік зілтеміршілері күш сынасып, екі бірдей әлемдік рекордты жаңартты. Тартысқа толы өткен додада спортшылар Әлем чемпионатына баратын жолдамаларды сарапқа салды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.05.2018
Азия мен ТМД елдерінің пауэрлифтинг шеберлері Алматы қаласында осымен үшінші рет бас қосты. Ресей, Беларусь, Украина, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 400-ге жуық зілтемірші барлық салмақ дәрежесі мен жас ерекшелігі бойынша күш сынасуда. Зілтемір көтеруді күнделікті жаттығуға айналдырған толағайлар алдарына жан салмай, Азияның төрт, әлемнің екі рекордын жаңартты. Рекордтардың көбісі жерлестеріміздің еншісінде.
Уәлихан ТЕН жарыстың ұйымдастырушысы:
-Елімізде осы спорт түрі қарқынды дамып жатқанын қатысушылардың көбейіп, рекордтардың жаңарғанынан байқауға болады.Жарыстағы зілтеміршілердің шеберліктері деңгейлес болғандықтан олар бірінен бірі асып түсу үшін аянып қалмайды. Ел намысын қорғап жатқан спортшылар барлық облыстан келді.
Жалпы, пауэрлифтингтің қазақ жерінде етек жая бастағанына биыл отыз жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар аралығында спортшыларымыздың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Жанкүйерлер мен қатысушылардың қызығушылығы жыл санап артып келе жатқанын байқаған ұйымдастырушылар болашақта чемпионаттың ауқымын кеңейтуды жоспарлап отыр.
Уәлихан ТЕН жарыстың ұйымдастырушысы:
-Он күн бұрын Еуропа біріншілігінде бақ сынаған Қазақстан құрамасы командалық сында үштікті түйіндеді. Бұл керемет нәтиже. Әлем бойынша біздің ел осы спорт түрінен үздік ондықтың қатарына кіреді. Ауқымды жарыстарды жиі өткізуді қолға аламыз. Қараша айында Қазақстан құрамасы жаһандық жарысқа аттанады. Мақсатымыз - айқын мықты екенімізді дәлелдеу.
Дүбірлі додаға жастар ғана емес 50-ден асқан ардагер спортшылар да өзара кіл мықтыны анықтады. Солардың бірі - өскемендік Серік Тұқышев. Білек күшін біліммен жұмсаған ол үш сайыс қорытындысы бойынша қарсыластарынан оза шауып, Азия чемпионы атанды.
Серік ТҰҚЫШЕВ пауэрлифтингтен Азия чемпионы:
-Күшті спортшылар көп. Өткен жылы аз болған. Биыл мықтылар жиналды. Нәтижелері де жақсы.Жастар енді келіп жатыр. Біздің мақсатымыз соларға үлгі болу. Осы спортты дамыту.
Біріншілікте 220 келіден асатын зілтемірді жатып сығымдап көтерген үш үздік спортшыға ақшалай сыйақы табысталды. Ал, жарыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздары медаль, мақтау қағазы және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, ерекше көзге түскен қазақстандық зілтеміршілер қарашада өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!